Жөндеу жұмыстары кешіккен мектептер бар

485

Шымкентте Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясы жаңа оқу жылына дайын емес болып шықты. Ондағы күрделі жөндеу жұмыстары әлі де созбаққа салынып жатыр. Құрылыстың кешеуілдеуі көпке зиян келтіруде. Білім ошағындағы 300 оқушы қайда барады?

008

Қыркүйек таяған сайын құрылыс та қыза түсті. Мұнда былтыр басталған күрделі жөндеу жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр.Мердігерлер жұмыс қарқынына қанша қамшы басқанмен, білім күніне үлгере алмайтын түрі бар. Себебі, мұндағы тірлік кестеден бір ай кеш басталған. Жұмысшылар шаруаны 80 пайызға бітірдік деп сендіреді. Алайда, әлі едендер төселіп, есік терезелер де толық ауыстырылмаған. Монтаждау жұмыстарының да кем-кетігі жетерлік.

Ал жауаптылар құрылыс жұмыстарының кеш басталуын мемлекеттік сатып алулардың кеш ұйымдастырылғанымен байланыстырады. Сондықтан нысанды тапсыру кезеңі бір айға шегеріліпті. Жөндеу жұмыстары қазанда толықтай тәмамдалмақ. Ал оған дейін оқушылар көрші мектепке қатынауға мәжбүр.

Айта кетейік, биыл Шымкентте 7 мектепте және 6 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық білім бөліміндегілер аталған білім ошағын қоспағанда өзгелері тас түйін дайын деп сендіреді.

Мақпал Рысбаева