Жерлестеріміз елге қайта алмай қалды

284

Түркияға жол тартқан ағайын абдырап қалды. Стамбұлға саяхатқа ұшқан жерлестеріміз әлі күнге елге қайта алмай отыр. Бүгін «Виза» туристік компаниясының алдына жиналған жұртшылық шетел асқан жақындарын осындағы тізімнен түгендеуге көшті.

Жиналғандардың айтуынша, бір жеті бұрын көршілес елден шаһарға тікелей ұшып келуі тиіс ұшақ әлі төбе көрсетпеген. Туыс-бауырына алаңдаған ағайын билетті саудалаған фирмаға өздерінің талаптарын қойды.

008

Аядай ғана бөлмеге тұрғындармен қатар полиция қызметкерлері де жиналды. Қалың қауымның айтуынша, «Виза» туристік фирмасы шетел асқан ағайынға алаяқтық жасап отыр. Енді Түркияға жол тартқан туыстарына алаңдаған жұрт уайымнан күндіз-түні осы маңайды торуылдап жүр.

Нилуфар Бекметованың туыстары да Стамбұлға саяхатқа кеткен. Айтуынша, бір туысы аман-есен оралған, ал «Скат» әуе компаниясы арқылы жол жүрген сіңлісінен бір жетіден бері хабар жоқ.

Нилуфар Бекметова: «Туған сіңлім Түркияға кетті, енді жанымды шүбрекке түйіп отырмын. Кеше түнде келуі тиіс болатын, әлі жоқ. Мұнда келіп жағдайды сұрасақ, бастарын ала қашады. Қайда барсаңдар, онда барыңдар дейді. Ал сіңілім күн сайын ондағы қонақ үй мен тұтынған тағамдарпына да өз қалтасынан төлеп жатыр. Ақшасы таусылса, не істейді, қайда барады?»

Ал «Виза» туристик фирмасының өкілдері жағдайға жайбарақат қарап отыр. Айтуыларынша, күн сайын түріктердің еліне жол жүрушілер саны артуда, ал мұндай жағдай мекемеде алғаш рет тіркеліп отыр.

Наташа Ниязметова, «Виза» туристік фирмасының директоры: «Ұшақта орын жоқ, сондықтан жолаушылардың елге кешеуілдеп қайтуына тура келіп тұр. Әзірге мән-жайды өзіміз де толық білмейміз, анықтау үстіндеміз. Бірақ алдын ала төленген билеттердің ақшасын біз емес, әуе компаниялары қайтаруы тиіс.»

Енді Түркиядан қайта алмай отырған жерлестеріміздің мұндағы туыстары мәселе 15 тамызға дейін шешілмесе, сотқа шағым түсіреміз деп бекініп отыр.