Әр үшінші «Алтын белгі» иегері – ОҚО мектептерінің түлегі

407

Қазақстандағы әрбір үшінші «Алтын белгі» иегері — Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің түлегі. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов алғашқы қоңырау күніне арналған салтанатты шарада мәлімдеді.

009

Өңір басшысы Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысты. Мұғалімдер мен оқушылар мерекесімен құттықтаған Бейбіт Бәкірұлы «биыл Қазақстанда «Алтын белгі» иегері атанып, мектепті үздік тәмамдаған оқушылардың әр үшіншісі – біздің облыстың түлегі» деп қуана хабарлады.

– Облыста 18 112 оқушы ҰБТ тапсырып, олардың орташа көрсеткіші 78,8 балды құрады. Оған қоса әр үшінші «Алтын белгі» иегері біздің мектептердің түлегі, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ, оңтүстікқазақстандық оқушылар 2015 жылы алғаш рет республикалық пән олимпиадасының қорытындысына сәйкес, 2 бағыт бойынша жүлделі үшінші орынды иеленген.

010

Облыс басшысы өз сөзінде биылғы жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырғанына тоқталды. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздегі ең жоғары туу көрсеткіші біздің облыста тіркеліп отыр. ОҚО жаңа оқу жылында 49 жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілсе, соның 22-сі 1 қыркүйек күні ашылды.

011

Сондай-ақ, Б.Атамқұлов атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 21-ге дейін қысқаратынына назар аударды. Ал 46 апатты жағдайдағы мектептен бар-жоғы 17-сі қалмақ. Оған қоса биыл ОҚО-да 74 мектеп күрделі жөндеуден, 675 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жалпы, өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы 2016-2017 жылдары толығымен шешіледі деп жоспарлануда.

Облыс басшысы Назарбаев зияткерлік мектебінің сыныптары мен зертханаларын аралап, оқушылармен әңгімелесті.

Облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі