Қазақстан бойынша Оңтүстік халқы мұражайға жиі барады

573

Оңтүстік Қазақстан облысының музейлері келушілерді қабылдау рейтингі бойынша елімізде көш бастады. Өңірімізде бүгінде 2 млн 823 мың халық тұратынын ескерсек, жыл басынан бері күнгейдегі мұражайлар 1 млн 348 мыңнан астам адамды қабылдаған. Бұл жөнінде Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі мәлімдеп отыр.

Қ.Мұңайтпасұлының мұражайы
Қ.Мұңайтпасұлының киіз үйі

Таңсәріден қара кешке дейін мәдени нысанға келушілер сейілмейді. Өңіріміздегі тарихи-өлкетану мұражайы үшін бұл қалыпты жағдайға айналған. Өңірдің өткені мен бүгінін көріп танысу үшін Астанадағы энергетика министрлігінің өкілдері де жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандар да жиі келеді. Мектеп оқушылары мен педагогтар, тіпті, мұражайда дәріс өту үшін бұрылатын болған.

Үркешім Тұрдықылышов, №116 мектептің мұғалімі: «Бұрынғы тарихымызды көзбен көріп, бәрін ұғуға болады, кітаптан оқымай-ақ бәрі түсінікті, жанына түсініктеме үшін қосымшалары ілінген. Өткен тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер өте көп, мәселен, Кенесары ханның қылышын мектеп оқушылары өз көздерімен көріп, алған әсерлерін айтып жатыр».

Өлкетану мұражайында 93 мыңнан астам жәдігер жинақталған
Өлкетану мұражайында 93 мыңнан астам жәдігер жинақталған

Бүгінде 95 жылдық тарихы бар өлкетану мұражайында 93 мыңнан астам жәдігер бар. Мұнда әсіресе археологиялық бөліммен қатар Қазақ хандығы, этнография, тәуелсіз Қазақстанға арналған залдарды тамашалаушылар саны артқан. Мәдени мекеме басшылығының айтуынша, соңғы 9 айдың өзінде келушілер қатары 112 мыңнан асып жығылыпты.

Гүлнәр Саматқызы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры: «Экскурсоводтарға білімін жетілдіру үшін семинар, өзге де қайта даярлау сабақтары жүргізіледі. Ол сабақтар біздің мұражайда өтеді. Әрдайым біліктіліктерін арттырып, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Көрме залдарына қойылған жәдігерлер әр тоқсан сайын жаңартылып отырады. Сонда мұражайға енген адамдар жаңа экспонаттармен танысып отырады».

Мұны қоспағанда өңірімізде тағы 24 мұражай бар. Онда қазір 157 мыңнан астам тарихи маңызы мол жәдігер жинақталған. Бұл мұражайлар жыл сайын кемінде 5000 экспонатқа толығады екен.

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Мұражайдағы жәдігерлер санының артуы да, олардың жинақталуы да біздің музейде қызмет ететін мамандардың ерлікпен атқарған жұмыстарының жемісі, нәтижесі дер едім. Себебі көктемнің жылы күндері басталғаннан қара күзге дейін олар археологиялық қазба жұмыстарына араласады. Тіпті шалғайдағы ауыл-аудандарды біртіндеп аралап, жәдігерлерді табу үшін қызмет етеді. Соңғы 2-3 жылдың ішінде жәдігерлердің жинақталуы үшін бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ, бұған қарамай мәдениет қызметкерлері жыл сайын 5000-нана астам жәдігерді тауып жатыр».

Айта өтейік, Оңтүстік өңірі ауылдық жерлердегі мұражайлар саны жөнінен де алғашқы үштікке еніп отыр. Шалғай ауылдарда ел игілігі үшін 12 мұражай қызмет етеді.