Сәби сатуға байланысты іс сотқа жіберілді

298
Сәби сату

Шымкентте жас нәрестені сатуға қатысты іс сотқа өтті. Бұл жаға ұстарлық фактіні мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын тексерген прокурорлар анықтаған болатын. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, 4 баласы бар ана бесінші сәбиін босанған соң оны 200 мың теңге мен қос алтын сырғаға айырбастап жіберіпті.

Сәби сатуҚазіргі таңда Шымкенттегі жас шақалақты сату ісінің барлық материалы сотқа өткізілген. Айыпталушылар орындығында апалы-сіңлілі Тұрғанбаевалар. Бірі сәбидің анасы болса, екіншісі — апасы.

Еске салайық, бала сату оқиғасын осы көктемде №53 мектепті тексеру кезінде прокуратура өкілдері анықтады.

Тергеу кезінде бұл әйелдің жақында ғана күйеуінен ажырасқаны анықталды. Өзі 4 баласы бар ана бесінші сәбиінен осылай бас тартпақ болыпты.

Оған көмекке келген сіңлісі ғаламтор арқылы болашақ сәбидің асыранды ата-анасын тауып береді. Ол кісілер Атырауда тұратын перзентсіз отбасы болып шығады. Босанған соң бейбақ әйел баласын алушыларға беріп жібереді. Басында сәбиі үшін ақша алмаймыз деген апалы-сіңлілер кейін атыраулықтар берген 200 мың теңге мен алтын сырғадан бас тарта алмапты.