Салықшылар арақ-шарап сататын орындарды тексерді

1313
Арақ-шарап

Алкоголь өнімдері мен темекі саудасына шектеу қойылғанымен, кейбір базар аумақтарында зиянды өнімдердің саудасы қызып тұр. Осыған орай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Шымкенттегі сауда орындарын тексеруге рейд ұйымдастырды. Құзырлылардың ескертулеріне құлақ аспай келген пысықайлар айыппұлға тартылды.

Арақ-шарапТыйым салынған орындарда арақ-шарап пен темекінің түр-түрі самсап тұр. Ал пысықай саудагерлер құзырлылардан да айылын жиятын емес. Осыған дейін бірнеше ескерту жасалса да заң талаптары аяқасты қалған.

Керісінше, сатушылар өтімді тауарды саудалап, пайдасын еселей түскісі келеді. Қолданыстағы заңға сай алкоголь өнімдерін базар аумағында сатуға, ілеспе жүк құжаттарынсыз саудалауға тыйым салынған. Сондай-ақ, темекі өнімдерін күманды маркілерімен айналымға шығаруға да рұқсат жоқ.

Мұндай талаптарды ескермейтіндер айыппұлға тартылатын болады. Заңсыз сауданы тоқтатқалы келген құзырлылардың төбесі көрінгеннен кей әккілер лезде саудасын жиыстырып, есіктерін тарс жауып үлгерді.

Алайда ұйымдастырушылар заңсыздыққа жол бергендердің ешбірінің де шарасыз қалмайтынына сендіреді. Тіпті айыппұлдан да айылын жимағандардың тауарлары сот шешімімен тәркіленуі мүмкін.

Айта кетейтік, екінші жарты жылдықта Шымкент қаласында зиянды өнімдерді саудалағандарға 3,5 миллион теңгенің айыппұлы салынған. Онымен қоса 15 мыңнан данадан аса алкоголь өнімі тәркіленіпті.