ЕXPO-2017 халықаралық көрмесіне үш тілді білетін 100 жас жолдама алмақ

405
Жастар форумы

Шымкенттік жастар шетелдіктерге туған жерін таныстырады. Анығырақ айтсақ, шаһарамыздағы ЖОО-ның студенттері мен өзге де жастар Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне қатысады. Бұл жөнінде облыстық жастар орталығының мамандары мәлімдеді.

Айтуларынша, мұндай мәртебеге ие болу үшін әзірге үздік жастар арасында түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, іріктеу кезеңдері жүріп жатыр.

Нұрлыислам Қуаныш – үміткерлердің бірі. Әзірге үш тілді меңгеріп жүр. Студенттің сөзінше, ЕХРО-2017 көрмесіне дайындығын пысықтау үшін күніне 7 сағатын арнайды.

Нұрлыислам Қуаныш
Нұрлыислам Қуаныш

Нұрлыислам Қуаныш, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенті: «Қазір үлкен қобалжу үстінде жүрмін. Себебі елдің тарихы мен шежіресін, оның болмысын өзге елден келген меймандарға таныстыру тапсырмасы тұр алда. Әрине, әлі іріктеуден де өткен жоқпын. Бірақ барынша тырысып, үш тілді, оның ішіне ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Арнайы курстарға барып жазылдым. Сағаттап сөздік жаттаудамын. Оңай емес, бірақ қызықтық. Қазіргі жоспарым – ЕХРО-2017 көрмесінде шетелдіктерге жасыл экономикамен қатар еліміздің Түркістан, Арыстанбаб секілді тарихи орындарын да етене таныстыру.»

ЕХРО 2017 халықаралық көрмесі 2017 жылдың 10 шілдесінен бастап 10 қыркүйегіне дейін Астана қаласында өтеді. Халықаралық көрмелер бюросымен бекітілген айтулы шараның тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп бекітілген, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған.

Яғни, төрткүл дүние көз тіккен көрмеде отандастарымыз тәуелсіз, зайырлы мемлекетіміздің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен таныстырады. Мұны тамашалау үшін көрмеге 5 миллион адам шақырылып отыр.

Құжат қабылдау үшін арнайы комиссия құрылыпты. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, қазірдің өзінде халықаралық көрмеге аттануға 200-ден астам студент ниет білдірген, бірақ оның 100-не ғана жолдама беріледі. Өйткені үміткерлерге де қойылатын талап жоғары.

Олжас Шынтаев, облыстық туризм және индустрияны дамыту қауымдастығының жетекшісі, комиссия мүшесі: «Ең алдымен талапкердің жасы 18-ден жоғары болуы керек, денсаулығы жақсы және 086 медициналық анықтамасын алуы қажет. Үш тілді меңгеріп, Қазақстан тарихын жақсы білуі маңызды. Және студенттер халықаралық көрмеге аттанған кезде сабақ оқу процесін үзбеуі де қарастырылатын болады, алдағы уақытта бұл сауал бойынша жұмыстар жүргізіледі деп отырмыз».

Айта өтейік, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне жолдама алу үшін әзірге 200-ден астам замандасымыз ниет білдіріпті. Бірақ шараға оның 100-і ғана жолдама алмақ. Және үш тіл мен тарихты меңгеріп, жүзден жүйрік танылған жас толқын көрменің алдында тағы да арнайы даярлық сабақтарына қатысып, біліктіліктерін арттыратын болады.