Көктерек кентіндегі көпір ашылды

868
Көктерек кентіндегі көпір
Көктерек кентіндегі көпір

Жаңа жылда Көктерек кентінің жұрты басты қуанышқа кенелді. Сарыағаш ауданындағы елдімекен жұрты жаңа көпірге қарқ болды. Келес өзенін кесіп, жолды жалғаған республикалық маңызы бар нысан небәрі үш ай ішінде пайдалануға беріліп отыр.

Көктерек кентіндегі көпір
Көктерек кентіндегі көпір

Гагарин-Жетісай-Жібек жолы көпірі қалың қауымның игілігіне тапсырылды. Келесті кесіп аталған көпір 2008 жылы апатты деп танылған екен. Содан бері кент пен Сарыағаш шипажайына қатынайтын жұрт шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген.

Дегенмен, ауылдағы ағайынның барыс-келісі қиындамас үшін мердігер ескі өткелге жапсарлас жаңа көпірдің құрылысын бастап жіберіпті. Сөйтіп, әрісі үш айдың ішінде нысан пайдалануға әзір болды.

Ұзындығы – 48, ені 12 метрді құрайтын жаңа көпірдің екі беткейінде жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Құрылысты қолға алған «Шымкент дорстрой «компаниясы республикалық қазынадан бөлінген 160 млн теңгеден астам қаржыны толығымен игердік деп отыр. Жаңа нысанды мемлекеттік комиссия қабылдаудан өткізіп те қойыпты.

Жаңа нысан Көктерек кентінің әлеуетін көтереді деген үміт бар. Өйткені Сарыағаш шипайына инвестиция тарту алдында барыс-келіс барынша жақсарды дейді жергілікті жұрт.

Мақсат Жақсыбаев