Тарихта тас мешін атауымен қалған мешін жылын қазақстандықтар той жылына айналдырады. Өйткені 2016 жылы тәуелсіздігімізге 25 жыл толады.
Мешін жылы Сатурн мен Юпитердің ықпалында болады дейді жұлдызнамашылар. Бұл жыл адам өміріне үлкен өзгеріс әкелетін жаңалықтарға толы болмақ. Бірақ, ежелгі қазақтардың пайымдауынша, мешін жылы — жайсыз жыл. Бұл жылы бүліншілік, сәтсіздіктер мен жағымсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін. Сол себепті бұрынғы қазақтар мешін жылын қауіп-қатерлер жылы деп, одан сақтанып отырған.
Еске сала кетейік, бұл мешін жылында Қазақ үшін дөңгелек дата да, мерейлі мереке де көп: Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алашорда өкіметінің 100 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы. Сондықтан болар, әр қазақ жаңа жылдан тек жақсылық күтеді.
Жұлдызшылар «адам қай жылы туса, мінез-құлқы сол жылдың иесі саналатын жануарға ұқсас келеді» деп айтады. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын өзіңіз пайымдап көріңіз. Мешін — өте адуынды жануар. Бірақ, тез ашуы басылып, бала сияқты алданады.
Шымкент зообағында маймылдың бірнеше түрі бар. Олардың күтімі де әртүрлі. Тәшкенбай, Славик, Чито деген лақап аттары да бар. Әсіресе, Тәшкенбай қылықты. Өте қонақжайлылығы және сергектігімен көзге түседі.
Еркеш Мешітбаева, зообақтың жұмысшысы: «Маймылдар қонақты жақсы көреді. Олардың келе жатқанын бірден сезеді. Балаша қуанып, ойнайды. Сіз білесіз бе, мешіндер де жылайды, күледі. Құдды бір адам сияқты. Тәтті тамақты жақсы көреді».
Бірақ, жұлдызшылар келер жылды жануардың мінез құлқымен салыстыруды жөнсіз санайды. Молшылыққа сеніп, той көп болсын деп тілейді. Қандай болжам айтылса да 2016 жылды қуана қарсы алып, түрлі жоспарлардың жүзеге асатынына сенім білдіру керек.Сондықтан әр күніңіз сәтті өтсін.