«Нұр Отан» партиясы Кентауда көшпелі қабылдау өткізді

403
«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы

«Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы Кентауда көшпелі қабылдау өткізді. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Берік Оспанов жүргізген қоғамдық қабылдауға қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев, облыстық салалық басқармалардың басшылары мен құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері қатысты.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы

Осы қабылдау барысында жергілікті тұрғындардың бірі Д.Сүлейменова біраздан бері жергілікті мекенжайға тіркеле алмай жүргенін жеткізсе, Қарнақтық Ж.Бекташов оқушыларды мектепке тасымалдауға арнайы көлік қоюды өтінді.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы

Осы екі азаматтың өтініші қабылдау кезінде оң шешілді, деп жазады партияның облыстық филиалы баспасөз қызметі. Ал қыстық отын сұраған А.Ермекбаеваға қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі, тұрақты жұмыс іздеген Г.Патсаеваға «Жұмыспен қамту» орталығы көмек беретін болды.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы

Халықтық партияға айналған «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына арнайы келген Хантағы елдімекенінің тұрғыны Д.Серікбаев орталық алаңдағы ғимаратқа күрделі жөндеудің қажеттігін көтерсе, ақсақалдар кеңесінің төрағасы М.Абдуллаев жайылым жердің мәселесін айтты.

Қала басшысы Ә.Мақұлбаев орталық алаңдағы ғимаратты жөндеу үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізіп, жайылым жердің жайы сала мамандарының қатысуымен облыстық деңгейде қайта қаралатынын түсіндірді.

– Көшпелі қоғамдық қабылдау өткізудегі мақсатымыз – жұртшылықтың өзекті мәселелерін шешуге партия тарапынан ықпал ету, – дейді «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Б.Оспанов. – Бізге деген қалың бұқараның сеніміне селкеу түсірмеу аса маңызды.

Берік Оспанов «Жансая» шипажайы басшылығы мен қызметкерлері арасындағы дауды облыстық басқармаға тиянақты қарауды тапсырды. Кешенді тексеру жүргізіп, әділ шешім шығаруды әрі нәтижесін хабарлауды жауаптыларға міндеттеді.