Шымкентте кезекті науқастың бауыры ауыстырылды

401
Мұхтар Ермекбаев

Шымкентте кезекті бауыр алмастыру операциясы сәтті өтті. Қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында осымен үшінші науқасқа ота жасалды.

Белорусиялық мамандар мәйіттік донор жеткізіп, сырқатты ажалдан арашалап қалды. Бұл істе жергілікті дәрігерлердің де көмегі көп болды. Бұған дейін бүйрек алмастырумен айналысқан ақ желеңділер енді күрделі ота жасауға көшті.

Мұхтар Ермекбаев

Мұхтар Ермекбаевқа осыдан 18 күн бұрын ота жасалып, бауыры алмастырылыпты. В және С гепатитінен кейін ағзасының аталған мүшесі жарамсыз болып қалған екен. Бес жылдан бері азапқа салынған азаматқа туыс інісі бауырының жартысын берген. Бірақ ағзаның ауыртпалығын көтере алмағандықтан, оны бүтін мүшемен алмастыруға тура келеді. Сол сәтте Белорусь мамандары көмек қолын созыпты.

Мәйіттік донор ретінде шетелден тегін алдырылған ағза мүшесінің құны 150 мың АҚШ доллары тұрады екен. Көптің қалтасы көтере бермейтін бағаны естіп, науқас жолым болды деп қуанады.

Ал жергілікті мамандар бауыр алмастыруға келгенде туыстық қарым-қатынастың қажеттігі жоқ деп отыр. Қан тобы сәйкес келсе болды, кез келген науқастың өмірін арашалап қалуға мүмкіндік бар. Бірақ бұны көп адам ұғына бермейді дейді.

Айта кету керек, ТМД елдерінің құрамындағы 7 мемлекетте бауыр ауруы өршіп тұр. Ал біздің облыста осы ағза мүшесін алмастыру қажеттілігі төніп тұрған тағы 90 науқас бар екен. Ендігі оталарды шетелдік мамандармен емес, Алматыдағы Сызғанов атындағы институттың білікті дәрілерімен бірлесе жасау көзделіп отыр.

Бұл ауыр операциялар осы желтоқсан айына жоспарланған. Бауыр алмастырудың бір ғана отасы үшін мемлекет қазынасынан 4 млн 700 мың теңге бөлінеді екен. Бірақ дәрі-дәрмектің қымбаттығына байланысты бұл қаражаттың өзі шығынды өтемейді.

Сондықтан аурухана қоржыны қаржыдан қағылып жатыр дейді бас дәрігер. Дегенмен, Гипократтың антына адал болып, науқастардың өміріне араша түсу парыз деп отыр мамандар.

Мақсат Жақсыбаев