Жангелдин көшесінің бойындағы көп қабатты үйдің тұрғындары тағы да жиналды. Мұнда көпті мезі еткен бір ғана мәселе бар. Ол — жалға берілетін пәтерлер. Халықтың айтуынша, №16 үйде 22 пәтер сағатқа немесе тәулікке жалға беріледі. Жалға пәтерін өткізетін кәсіпкермен дауласып жүрген тұрғындар әкімдікке шағымданыпты.
Бұл жолғы рейдке шақырылғандардың барлығы түгел жиналды. Прокуратура қызметкерінен бастап әдетте қоңырау шалып шақырта алмайтын учаскелік инспектор да осында.
Динара Назарова — осы үйдің тұрғыны. Бүгін де бар тірлігін тастап, жиынға қатысуға келді. Өзге көршілері секілді бұл азаматша да кешкісін басталатын у-шу мен түнгі тәртіпсіздіктер туралы айтып, шағымданбаған есігім қалмады деп отыр.
Осымен атышулы үйдегі мәселе бойынша үшінші рет тексеру ұйымдастырылып отыр. Оннан астам пәтері бар кәсіпкер үйдің астындағы жертөлені де қонақ үйге ыңғайластырып қойған. Әбден шаршаған тұрғындардың кейбірі пәтерлерін сатуға көшкен. Ақшаны осындай жолмен табуға дәніккендер тұрғындарға уәде беруден де ұялмайды.
Аудан әкімдігінің өкілдері бұл азаматтарға ескертуден бөлек әкімшілік жаза көргендерін айтады. Осы ескерту ескерусіз қалса, сотқа арыз берілмек. Сөйтіп, заңсыз салынған құрылыс бұзылатын болды. Шымкенттегі Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов осылай дейді.
Заңды белшесінен басып, өзгенің тыныштығын алатындар үшін жертөлені бөлмеге айналдырып, қосымша бөлме тұрғызу түк емес. Ал өзгелер үшін ол — үлкен проблема. Мұны да тексеретін кез келгелі қашан. Әкімдік мамандары бұл соңғы ескерту екенін айтады.
Ернар Балабеков