Жауыннан тасыған су бірнеше көшені басты

394
Тасыған судың ізі
Тасыған судың ізі

Қаңтардың алғашқы екі күнінде толассыз жауған жауын қала тұрғындарын айтарлықтай әбіржітіп тастады. Судан қауіптенген тұрғындардан 30-ға тарта қоңырау түскен. Көмек сұрағандардың басым бөлігі – Шымкенттегі Самал-3, Солтүстікббатыс, Шұғыла, Қайтпас-1 шағынаудандары мен 112-орам тұрғындары.

Тасыған судың ізі
Тасыған судың ізі

Бәйдібек би даңғылының бойындағы бірнеше үйдің ауласына жауын суының жайылуына арықтың бекітіліп қалуы себеп болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, арық үстіне дүкен және өзге де коммерциялық нысандар салынып кеткен. Дегенмен, «ЛТД тұрмыс» мекемесінің жұмысшылары канал көзін амалдап ашуға әрекет етіп жатыр.

Самал-3, Шұғыла, Солтүстік-батыс шағынаудандарындағы су деңгейінінің көтерілуі де қордаланған қоқыстың салдары дейді сала мамандары. Канал жағалауын мекендеген жерлестеріміз бүкіл қалдықты суға тастауды әдетке айналдырған. Соның салдарынан аз ғана жауын-шашынның суы үйге тасып, қауіп төндіреді.

Қоқыс толған арық

Жалпы, қала бойынша топан судын алдын алуға 100-ге жуық жұмысшы, 20-ға тарта техника жұмылдырылыпты. Төтенше жағдай басқармасы мамандарының мәліметінше, жауған жауын көлемі тәулігіне 23 мм құраған. Бұл қауіпті көрсеткішке жатпайды дейді мамандар. Сонда да болса 1600 қап құм дайындалып, канал жиектеріне бөгет қойылған.

Нұрлан Жаңабай