2015 жылы мыңға жуық тұрғын таразыдан алданған

592
таразы

Шымкенттік тұтынушылардың базар сатушыларына өкпесі қара қазандай. Тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне былтыр мыңға жуық тұрғын таразыдан алданғанын айтып шағымданған. Мұндай келеңсіздікке мамандар бақылау шараларын жүргізу кезінде де көз жеткізді.

Көп жылдық тәжірибесі бар сатушы Дона Мамедова осыған дейін тұтынушыларға қиянат жасамағанын айтып сендіреді. Таразыдан жеп, тиыннан теңге құраудан аулақпын деп отыр. Сауданың қыр-сырын жақсы білетін ол пысықайларға жем болмас үшін тұтынушыларға таразыға үнемі үңіле қарауды ұмытпауды ескертеді.

Дона Мамедова, сатушы: «Таразы нөлді көрсетіп тұруы тиіс. Содан кейін өлшеуішті тексеру керек. Тауарыңызды өлшеп тұрған таразының жан-жағына көз салыңыз. Күмәнді бір нәрсені байқасаңыз, ол сатушыдан ештеңе алудың қажет жоқ.»

таразыӘккі саудагерлер арасында қосымша жүк арқылы таразыдан қағу тәсілі кең тараған. Бұл ретте механикалық өлшеуіш құралдарына тауардың салмағын асыра көрсететін магнит жапсырылады.

Мұндай алаяқтық әрекеттер базардағы сатушылар арасында да жиі қолданылады. Көтерме сауда орындарын бақылаған мамандар осыған көз жеткізген. Мәселен, бір саудагердің 13 келі тартатын бір қап картобының салмағын бақылау таразысы 1,5 келіге аз көрсетті. Ебін тауып, екі асап қалғысы келген саудагер таразыдан қаққаны былай тұрсын, тіпті, тұтынушысын есептен де жаңылыстырудан тайынбайды.

Ал базар әкімшілігінің мамандары барлық сатушыны қадағалап тұру мүмкін емес екенін айтады. Алайда тұтынушы айтқан шағымдар расталса, сатушының сазайын тартатыны анық.

Бақтияр Сайлыбаев, «Жібек Жолы» көтерме базары басшысының орынбасары: «Бірінші рет ол сатушыға ескерту жасалады. Кейін айыппұл төлейді. Егер саудагердің пысықайлықты жалғастырып жатқаны анықталса, базардан қуылады.»

Соған қарамастан былтыр департаментке таразыдан алданған мыңнан аса тұтынушы келіп, мамандардан кеңес сұрапты. Алайда салаға жауаптылар есеп айырысу чегінсіз мұндай деректердің ақ-қарасын ажырату оңайға түспейтінін айтады.

Марат Төлебаев, ОҚО тұтынушылар құқын қорғау департаментінің бас маманы: «Тұтынушылар бұл ретте куәгерлердің көмегіне жүгіне алады. Келеңсіздіктерді аудио, видео жазбалар арқылы да дәлелдеуге болады. Ал сотқа жүгінсе, соттың шара қолдана қоятыны да неғайбыл. Бұл белгілі бір уақытты және шыдамды қажет етеді.»

Мамандар кісі ақысын жеп, пайдаға кенелгісі келетін саудагерлерді құрықтау үшін базарларға бақылау таразыларын орнату керек дейді. Алайда ондай қондырғылар әзірге ешбір сауда орнында жоқ. Тіпті бақылау таразыларының да тазалығы күмән тудыратыны жасырын емес. Сондықтан мамандар әккі саудагерлерге алданып қалмау үшін базар барғанда қол таразыңызды ала шығуға кеңес береді.