Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың алғашқы есебі

384
Шымкент әкімінің есебі

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің алғашқы есебін берді. Халық алдындағы жылдық жиынға облыс əкімі Бейбіт Атамқұлов пен Президент əкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жасұлан Естенов, түрлі басқармалар мен қоғамдық бірлестіктер, мекемелердің басшылары қатысты.

Шымкент әкімінің есебі

Есеп барысында шаһар басшысы қалада атқарылған жүйелі жұмыстар мен оңды өзгерістерді тілге тиек етіп, алдағы 2016 жылдың жұмыс жоспарын баяндады. Ғабидолла Рахматоллаұлы алдымен қаладағы білім берусаласына тоқталды.

— Болашақ кепілі — өскелең ұрпақ. Бұл тұрғыда алсақ, 2015-2016 оқу жылында қала аумағында бойынша 127 жалпы білім беру мектебі бар. Ондағы оқушылар саны — 156 800, — деді қала әкімі. — Апатты жағдайдағы 4 мектепке қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп, үшеуі пайдалануға берілді. Дәл қазір қалада оқушылары үш ауысымда оқитын 7 мектеп болса, үш мектепте құрылыс жүруде. Қалған 4 мектептің жобалық-сметалық құжаты дайындалып, 2016 жылғы республикалық бюджетке ұсынылды.

Шымкент әкімінің есебі

Бұдан кейін шаһар басшысы 2015 жылы қолға алынған мектеп директорларын тағайындау жөніндегі комиссияның жұмысы жайлы айтты.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың қыркүйегінен бастап мектеп директорларын іріктеу бойынша комиссия құрылған. Оның құрамына депутаттар, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, заңгерлер еніп, комиссияның төрағасы болып қала әкімі бекітілді. Сонымен қатар мектептерде қамқоршылық кеңесінің жұмыстары жандандырылуда және мектепішілік электронды бақылау жүйесі енгізілуде. Нәтижесінде ата-ана оқушының күнделікті сабаққа қатысуы және үлгерімі туралы мәліметті электронды түрде алады.

Қала әкімінің есебінде кәсіпкерлік жайы айтылмай қалмады. Қалада инвесторлар және жергілікті белсенді азаматтар тарапынан өнеркәсіп кәсіпорындарын дамытуға инвестициялар салуға қызығушылық жоғары. Осы мақсатта қаланың 2 жерінен индустриялық аймақтар құру жоспарланған.

Шымкент әкімінің есебі

Статистикалық мәлімет бойынша, 2015 жылы қаладағы бөлшек сауда көлемі 248,5 млрд теңгені құрады. Ал көтерме сауда көлемі 502,7 млрд теңгеге жеткен.

 — Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде 4 631 пәтерлі 72 үй салынып, 2015 өткен жылы 4 538 пәтерлі 68 үй пайдалануға берілді,- деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Шымкент елдегі ірі өнеркәсіп орталығына айналып келеді. Оған дәлел — 2015 жылы индустрияландыру картасының шеңберінде жалпы құны 27,7 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша да жетістіктер жетерлік. 2015 жылы 16,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 2014 жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты.

Шаһарда 120 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылды. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысқандардың қатары арта түсуде. Соңғы жылдардағы мемлекеттің қолдау механизмдері кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізуде. 2015 жылы қалада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 74 491-ге жетіп, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 315,7 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткішті 2014 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан.

Сауда қызметі саласында өңірден шыққан отандық өнімдерге деген қызығушылық арта түсуде. Қала аумағында өз кәсібін ашып, отандық тауар өндірісімен айналысқан азаматтарға әкімдік тарапынан қолдау танытуда.

Шымкент әкімінің есебі

Есепті кездесуде қаладағы сәулет және қала құрылысы, жер мәселелері, бюджеттің орындалуы, білім саласы, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік ақпараттық саясат туралы жүйелі баяндама жасалды. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылым, транспорт саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік қызмет көрсету туралы баса айтқан қала әкімі «Шымкенттің 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы» бірқатар болашақ жобаларымен таныстырды. Әрі 2016 жылы қала әкімдігінің негізгі міндеттерін айтып өтті.

Шымкент әкімінің есебі

Есепті кездесуде тұрғындар қала әкіміне өз көкейінде жүрген сұрақтарын қойып тұщымды жауап алды. Сұрақтардың көбісі шаһардағы коммуналдық мәселелер, қоғамдық көлік қызметі хақында болды.

Осыған орай Ғабидолла Рахматоллаұлы алдағы уақытта қала көшелеріндегі қоғамдық көлік кептелісін азайту үшін 5 негізгі көше қиылысында жолайрық жасалынатынын айтты. Ірі көшелердің үстінен жол үсті өткелі салынып, қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесі жуық арада қолданысқа енеді.

Шымкент әкімінің есебі

Жиын соңында шаһар басшысы 2016 жылы қала әкімдігінің негізгі міндеттеріне тоқталып, қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді анықтап, оларды шешу үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізілетінін жеткізді. Бұған қоса «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» дайындалып, онда айқындалған міндеттер 2016 жылдың бюджетіне енгізіліп, жұмыстар кезең кезеңімен атқарылады.

Шымкент әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша дайындалды