Шымкентте апатты үй күрделі жөндеуден өтті

230
Жөнделген үй

Шымкентте апатты көп қабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Салынғанына 60 жыл таяған Төле би көшесіндегі №15 үйге сейсмо-нығайту жұмыстары жүргізілді. Қазір жөнделген үйге тұрғындардың 80 пайызы көшіп келді.

Жөнделген үйЕкі бөлмелі пәтердің иесі Сабыр Жұмаділдаев бұйымдарын орналастырып та үлгермепті. Оншақты жылдан бері апатты үйде тұрып келген ол енді жаңартылған баспанаға жайғасты. Күрделі жөндеу жүрген үш ай бойы ол пәтер жалдап тұрғанын айтады.

Өткен жылдың 60-жылдары тұрғызылған апатты үйдің мәселесі тілшілердің де назарынан тыс қалмаған. Редакцияға арыздана келген тұрғындардың шағымымен түсірілім тобы былтыр баспананың жағдайын көзбен көрген. Қабырғалары қарс айрылып құлағалы тұрған апатты үйді бүгінгі жағдайымен салыстыруға келмейді.

Апатты деп танылған үйді күрделі жөндеуге қала бюджетінен 112 млн теңге бөлініпті. Үйдің іргетасы, қабырғасы нығайтылып, есік-терезесі жаңартылды. Жылу жүйесі ретке келтіріліп, жарықтандыру жүйесі ауыстырылды. Күрделі жөндеуге үш жылдық кепілдік мерзім беріп отырған мердігерлер тұрғындар көрсеткен кейбір ақауларлардың да ретке келтірілгеніне сендірді.

Жаңарған жайлы баспанада қазір 30-ға жуық отбасы тұрып жатыр. Тұрғындардың әзірге сексен пайызы қоныстанып үлгеріпті. Ал үш ай бойы пәтерде тұрған тұрғындардың шығыны толықтай өтелді деп сендіреді жауаптылар.