Шымкенттің полицейлері әйелді тонағандарды ұстады

228
Тонаушылар

Шымкент қаласының полицейлері әйел кісіні тонағандарды ізін суытпай қолға түсірді. Екі жігіт жалғыз өзі жүрген келіншектің ұялы телефонын тартып әкеткен.

Тонаушылар

Бұл туралы суыт хабар 102 нөмірінің кезекшісіне кешкі уақытта түседі. Қоңырау шалған қаладағы Солтүстік-Батыс шағынауданының тұрғыны құны 100 мың теңге тұратын ұялы телефонын екі жас жігіт тартып алып, қашып кеткенін айтқан. Оқиға орнына жақын маңдағы полиция экипажы шұғыл аттанады.

Тәртіп сақшылары жедел басқару орталығының операторлары бейне-бақылау камерасындағы жазбаларды қарап, жол сілтеп отырады. Соның нәтижесінде тонаушылар алысқа ұзай алған жоқ.

Ұялы телефон тонаушылар

Күдіктілердің екеуі де бірге қолға түсті. Бірінің жасы кәмелетке толмаған болып шықты. Тартып алынған телефон соның қалтасында. Полицейлердің сұрағына бозбала телефонды танысым беріп кетті, ешкімнен алғаным жоқ деп жауап берді.

Ұялы телефон тонаушылар

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін тәртіп сақшылары ұсталғандарды жергілікті полиция бөліміне алып кетті. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру жалғасуда.