Жол апатына қатысты жасөспірімнің сотына нүкте қойылды

232
Жасөспірім сотталды

Шымкентте кәмелет жасына толмай рөлге отырған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Бір жыл бұрын болған жол апатына 17 жасар жеткіншек кінәлі деп танылды. Ірі жол-көлік оқиғасында сотталушының досы қаза болған еді.

Жасөспірім сотталды

Бұл апатта 6 адам жарақаттанып, 1 жасөспірім қаза болған. 2015 жылғы 30 мамыр күні Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылындағы тасжолда Мазда және Тойота автокөліктері бетпе-бет соғысады. Мазда көлігінде 5 жасөспірім болған, ауыр жараланған жігіттің бірі сол жерде жан тәсілім етеді.

Екінші көліктегі екі азамат пен қалған жеткіншектер аудандық ауруханаға жеткізіледі. Жол апатына қатысты бірнеше сараптамалар тағайындалған. Істі қараған судья осы жол-көлік апатына жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан жолдасының әкесіне тиесілі автокөлікті басқарған бозбаланы кінәлі деп тапты.

Қаза болған баланың әкесі сотталушыға кешірім бергенін залдағылар төрағалық етуші судьяның өзінен естіді. Іс бойынша сұралған куәгерлердің пікірі екі түрлі. Бірі – рөлде басқа баланың отырғанын айтса, екінші тарап көлікті сотталушының басқарғанына сенімді. Ал сот шешімді сараптама қорытындыларына жүгіне отырып шығарған. Сондай-ақ істі қарауда сотталушының кәмелетке толмағанғы, бұрын сотты болмағаны, өзінің жасағанына өкінгені ескерілген.

Сөйтіп, жас жүргізушіге ата-анасының қадағалауында болу міндеттелді. Оған бос уақытында көше кезуге тыйым салынды. Бұл үкім он бес күннен соң күшіне енеді.

Ернар Балабеков