Оңтүстікте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шұғыл топтар құрылады

288
Оңтүстікте мүмкіндігі шектеулі жандарға шұғыл топтар қызмет көрсетеді

Оңтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құрып, қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде қатысу жолындағы кедергілерді жою мақсатында 2016 жылдың 20 сәуірі мен 20 мамыр аралығында «Біз біргеміз!» атты жалпы облыстық айлық акциясы өтпек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Оңтүстікте мүмкіндігі шектеулі жандарға шұғыл топтар қызмет көрсетеді

Оның айтуынша, акция шеңберінде ғимараттарға мүгедектердің еркін кіріп-шығуына мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін мобильді топ құрылады.

– Осы жұмыстарды іске асыру үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде әлеуметтік инфрақұрылымдық нысандардың мүгедектерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер мен бизнес құрылымдары арасында меморандум түзіліп, өңірдің барлық тұрғындары мен кәсіпкерлеріне бағытталған үндеу қабылданады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, акция қорытындысы бойынша барлық аудан, қалаларда еңбекке жарамды жұмыссыз мүгедектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сонымен бірге, мүгедектерге қолжетімді орта құру бағытында белсенділік танытқан кәсіпкерлер аудан, қала әкімдерінің алғыс хатымен марапатталатын болады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 26,7 мыңының тірек-қимыл аппараттары бұзылған, 8,5 мыңдай азамат арнайы жүріп-тұру құралдарымен (қоларбамен) қозғалады. Ал 16,4 мың адамның көру және есту қабілеттері төмен.