Мыңнан астам шымкенттік «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы баспаналы болмақ

271

Биыл Шымкент қаласында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы мыңнан астам адам баспаналы болмақ. Сәуір айында құрылысы басталған көп қабатты үйлер жыл аяғына дейін тапсырылады деп күтілуде. Мердігерлер мен компания басшылары тілшілерді құрылыс барысымен таныстырып қайтты.

К икАумақта құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр. Төртінші санатқа жатқызылған баспаналардың құны нарықтағымен салыстырғанда едәуір қолжетімді. Әр шаршы метрі 160 мың теңгеге бағаланып отырған пәтерлердің аумағы да шағын. Бір бөлмелі пәтер – 40, екі бөлмелісі – 55 ал 3 бөлмелі пәтер 68 шаршы метрді алып жатыр. Биіктігі 2,7 метр шығатын пәтерлердің жобасы әлеуметтік топқа ыңғайластырылған.

Аумағы 65 мың шаршы метрді алып жатқан қос тұрғын үй жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Баспаналар әртүрлі санат бойынша пәтер кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Компания алдымен бағдарлама қатысушысының табысын растайды. 20 жыл бойы дер кезінде тиісті төлемін төлегендер пәтерлерді сатып алу құқына ие болады.

Гүлзия Мұсабекова су жаңа пәтерге осы жылдың сәуір айында жайғасқан. Бірлі-жарым олқылығын айтпағанда баспанамыз жайлы дейді тұрғын. Осыған дейін пәтерден пәтер көшіп қиналған отбасы қазір бір бөлмелі баспананы ұядай етіп жасақтап алыпты.

Айта кетейік, былтыр «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы 1500 пәтер үлестірілген болатын. Биыл тағы 1200-ден астам отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Әрленген, барлық инфрақұрылымы сай баспаналардың кілті желтоқсан айынан бастап салтанатты түрде иелеріне тапсырылатын болады.