Оңтүстіктің хирургтары шеберлік дәрісіне қатысты

405
Қалалық жедел жәрдем ауруханасы

Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында хирургиялық бейіндегі мамандарға сыртқы бекіту жүйелері бойынша шеберлік дәрісі өткізілді. Іс-шараны АҚШ-тың Қазақстандағы «Stryker» компаниясының ресми өкілі болып табылатын «ApexCo» ЖШС мамандары ұйымдастырды.

Шеберлік сабағында аталған жүйелердің тиімділігі туралы Қазақ-Ресей медициналық университетінің травматология және ортопедия курстарының меңгерушісі, профессор Қанат Тезекбаев әңгімелеп, түсіндіріп берді.

«Бүгінде Қазақстанның аудандарында және қатынас жолы көп көлік дәліздерінде медициналық көмек көрсетуді дамытудың жол картасы әзірленген. Осы жол картасы аясында әріптестеріме шұғыл медициналық көмек көрсету және сыртқы бекіткіштерді пайдалану бойынша дәріс оқимын. Аталған жаңалық науқастың мүгедектік пен өлімге ұшырауын азайтуға мүмкіндік береді» деді ол.

Сыртқы бекіту жүйелері – бұл хирургия мен травматологияда пайдаланылатын жаңа технологиялар. Оларды пайдалану науқасты шұғыл емдеуде оның жағдайын тұрақтандырудың қажетті реанимациялық шараларын кідіріссіз атқаруға мүмкіндік береді. Жаңа технологияларды қолдану шұғыл медицинада ауыр жарақаттардан болатын өлім-жітімді екі есе азайтуға сеп болады.

Шеберлік дәрісі барысында жарақаттар мен ортопедиялық операцияда қолданылатын қазіргі заманғы импланттардың барлық түрі таныстырылды. Оларды пайдалану науқас жағдайының жақсаруына себеп болып, оның отадан кейін гипс таңғыштарын таңуын қажет етпейтіні айтылды.

Бағдарламада, сондай-ақ, полижарақат кезінде сыртқы бекіту жүйелерді пайдалану, көптеген жарақаттармен науқастарды емдеудің қазіргі заманғы тұжырымдамасы таныстырылды. Дәрігерлерге, сонымен бірге, травматология және ортопедияда қолданылатын электрохирургиялық құралдар да кеңінен көрсетілді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жарақат алғандардың арасында түтікті сүйектері жарақатанғандардың үлесі 57-63,2% аралығын құрайды екен.