Қошқар атаның бойына полиция күзеті қажет

396
Қошқар атаның бойына полиция күзеті қажет

Қошқар ата демалыс аумағын қырағы күзететін полиция бекеттерін орналастыру керек. Бұған қоса дүйім жұртқа ас ұсынатын дәмхана ашуды да ойластыру қажет.

Салқын судан жанына сая іздеп келгендер таза және талапқа сай аумақта демалуы тиіс. Қошқар ата аумағын аралап көрген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жауаптыларға осындай міндет жүктеді. Айта кету керек, бұған дейін шаһар басшысы демалыс орнын көріктендіріп, шомылушыларға жағдай жасауды тапсырған болатын.

Қошқар атаның бойына полиция күзеті қажет

Киім ауыстыру орындары мен ілгегі бар тақтайшалар, оған қоса тағы көлеңкелі сәкілер және қосымша орындықтар қоюды тапсырған еді. Қала басшысы сол тапсырмалардың жіті орындалуына көз жеткізу үшін демалыс аумағына арнайы ат басын бұрды.

Ғабидолла Әбдірахымов аталған аумақта орындықтарды тағы біраз көбейтуді тапсырды. Бұдан бөлек қауіпсіздікті қамту үшін полиция бекетін орнату керек деп баса айтты. Бұл жүктемелер жағдайды түбегейлі оңтайландырды деген уәж емес. Өйткені өзге де өткір мәселелер бар. Мәселен, аптап ыстық пен қақаған қыста суға шомылудан тайсалмайтын қалың қауым үшін автотұрақ қарастырылмаған. Соның салдарынан жергілікті тұрғындардың көліктері мен қонақтардың қаптаған темір тұлпарлары жиі иінтіресіп қалады.