Елбасы телекөпір арқылы Оңтүстікте тез әзірленетін тағам зауытын іске қосты

344
Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Оңтүстікте тез әзірленетін тағам зауыты іске қосылды

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының 2016 жылғы I жарты жылдық қорытындысына арналған кеңесте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында тез әзірленетін тағам өндіретін зауыттың іске қосылуына рұқсат берді.

Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Оңтүстікте тез әзірленетін тағам зауыты іске қосылды
Фото: Қазақстан-Шымкент телеарнасының сайты

Қазығұрттағы индустриялды аймақта ашылған «Lotus food» компаниясы тез әзірленетін тағам өнімдерін шығарады. Аталған жоба шетелден келетін өнімдер импортын алмастыратын алғашқы зауыт болып отыр. 48 жаңа жұмыс орны құрылып отырған өндіріс орнына тартылған инвестиция көлемі 471 млн теңгені құрайды.

Осы аймақта сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына арналған биоорганикалық тыңайтқыштарды шығаратын фабрика құрылуда. Бұл өз кезегінде медицинада косметикалық препараттарға қосымша ретінде саналып отыр. Аталған жоба ТМД елдерінде баламасы жоқ серіктестік болып табылады.
Аумағы 40 гектар болатын аудандағы индустриялды аймақ тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы бағытында дамып жатыр.

Елбасы тұсауы кескен жобалардың ішінде Кентау қаласындағы «Югэлектропривод» зауыты бар. Моноқаладағы индустриалды аймақта орналасқан өндіріс орны трансформатор бөлшектерін өндіреді. Мұнда әзірге 25 адама тұрақты жұмыспен қамтылған. Егер қуаты артатын болса, 80-100 азаматты жұмыспен қамтуға қауқарлы. Жобаның құны – 850 млн теңге.