Кентаудағы көмір мәселесі шешілді

320
Кентаудағы көмір мәселесі шешілді

Кентаудағы көмір жағдайы қалыпқа түсті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Кентау-сервис» мекемесін отынмен қамту мәселесін шешті. Орталықта қазір көмірдің жеткілікті қоры жасалған.

Былтырдың соңында «Кентау-сервис» мекемесінде көмір қорына қатысты пайда болған мәселені билік өкілдері шешті. Бүгінде жылу-энерго орталығында үш қазандық жұмыс істеп тұр. Оған қоса турбина қажетті 6 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Қатты отынның жеткілікті қоры көп қабатты, жеке тұрғын үй секторы мен бюджеттік мекемелерде температуралық режимді талапқа сай ұстауға мүмкіндік береді.

Кентаудағы көмір мәселесі шешілді

Жылу орталығындағы көмір қорының тапшылығы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында көтерілген болатын. Энергетика, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы сол кезде өңір басшысынан көмек сұраған еді.

Кентауға көмек көп күттірмей жетті. Кеншілер қаласының тұтынушылары күрделілікті сезген де жоқ. Пәтерлер жылы болды.

Хантағы ауылының тұрғыны Ақшакүл Әліманова биылғы жылу маусымынан орталық жүйеге өтті. 80-дегі зейнеткердің қуанышында шек жоқ. Өйткені, отбасы өткен ғасырдың ортасынан бастап пеш жағып келген еді.

Ал жылу берушілер көмірге қатысты қиындықтар туындамайтынына сенімді. Өйткені қаржы аударылған. Және бұл мәселе облыс әкімінің қадағалауында.