Жұмыссыз жастар қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылады

318

Жұмыссыз жастар қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылады. «Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандар үшін прокуратура, полиция органдарында жұмыс істеуіне мүмкіндік туып отыр.

Бүгін Еңбекші аудандық прокуратурада өткен қадағалау органы қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері, полицейлер бас қосқан жиында осы жұмыстардың жай-жапсары талқыланды.

Басқосуға жиналғандар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда жастардың күшін қалай тиімді пайдалануға болатынын талқылап көрді. Қазірдің өзінде Шымкенттегі құқық қорғау органдарынан 40 орынға сұраныс беріліп отыр. Жауаптылар алдағы уақытта жас мамандарға қажеттілік арта түсетінін айтады. Тиісінше, қоғамдық көмекшілердің жалақысы да көбейіп отыр. Жергілікті бюджеттен төленетін олардың айлық табысы ең төменгі жалақыдан кем болмауы тиіс.

Пилоттық жоба аясында жолдама алған жас маманның жұмыс көлемі мен түрін жұмыс беруші мекеме анықтайды. Айта кетейік, бүгіннің өзінде облыс бойынша 200-ден астам халық жасақшысы қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылып отыр.

Алайда, соңғы 7-8 жыл көлемінде қылмыстың тұрақты өсіп отырғанын ескерсек, әсіресе, полиция бекеттеріне қоғамдық көмекшілер әлі де жетіспей отыр дейді прокурорлар.

Айта кетейік, биыл «Жастар практикасы» бойынша Шымкентте 1300-ден астам жасты жұмыспен қамту жоспарда тұр. Құқық қорғау органы өкілдерінің сөзіне сенсек, қоғамдық тәртіпті нығайтуға жұмылдырылған жас маманның болашақта осы салада тұрақтап қалуына мүмкіндік бар.