«Көк кит» ойыны Шымкентке жетті

1168

Әлеуметтік желідегі бүкіл елді дүрліктірген «ойын» Шымкентке де жетті. Өңіріміздегі прокурорлар 9 ата-ананың шағымданып, өз перзенттерінің «Көк кит» ойынының арбауына түскені туралы хабарлағанын растады. Осыған орай Шымкент қалалық білім бөліміне шұғыл жиналғандар мектеп оқушыларының өзіне-өзі қол жұмсауға не түрткі болатынын талқылап, анықтауға тырысты.

Өкінішке қарай, жастарды өлімге итермелейтін ойынның құрбандары азаяр емес. Әлеуметтік желілердің, соның ішінде Вконтакте желісінің жасөспірімдерге кері әсер ететіні жайлы айтылып келсе де ондағы суицидке үндейтін топтардың арбауына түскендер сол ойын басталған Ресей тұрмақ Қазақстанда да анықталып жатыр. Қазірдің өзінде «Синий кит», «Тихий дом» деп аталатын топ үйлестірушілердің дегеніне еріп, өздеріне қол салмақ болған жасөспірімдер Алматы мен Астанадан, Семей мен Павлодардан, Петропавл қаласынан табылды. Бірқатар ақпарат құралдары Теміртауда өзіне қол салған жасөспірімнің ажалына әлеуметтік желілер әсер еткенін жазуда.

"Көк кит" ойыны Шымкентке жетті

Бұл ойынның шарты бойынша топқа кірген бала 50 тапсырма орындауы қажет, оның ішінде тамырыңды кесу және қолыңа киттің суретін салу керек деген сияқты тапсырма беріледі, соңында олар өздеріне қол жұмсауы тиіс. Финалдық тапсырма міндетті түрде орындалуы керек, әйтпесе ұйымдастырушылар баланың туыстарын өлтіреміз деп қорқытады екен. Ал топтың “Синий кит” деп аталу себебі – көк киттер мұхиттың жағасына шығып қалу арқылы өлетін көрінеді. Топтың философиясы – өмір теңізінен өз еркіңмен шығып кету.

Десе де, ішкі істер министрлігінің мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев портал тілшісіне берген сұхбатында қазіргі уақытта суицидті насихаттайтын топтарға мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер әлеуметтік желі арқылы жасалғаны расталмағанын да жеткізді.

Алмас Сәдубаев, ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры: «Әлеуметтік желілердің басқа елдерде орналасқанына байланысты бұл ресурстардың топтарын бұғаттаумен айналысамыз. Ата-аналарға балаларының виртуалды өміріне бақылау орнатуға кеңес береміз, егер осыған ұқсас жағдайға тап болсаңыз, полицияға хабарласуыңызды сұраймыз. Сол деректерге сай шаралар қолданылатын болады».

Күні кеше интернет арқылы суицидті насихаттаушылардың қақпанына біздің жерлестеріміз де түсіп отыр. Күнгейдің прокурорлары соңғы үш күнде облыс бойынша жеткіншектерді қорқытуға қатысты 9 факт тілкелгенін айтты. Оның 5-і Шымкентте болған. Бұл жайында ата-аналар тәртіп сақшыларына арызданыпты. Яғни түн ішінде балаларын смс арқылы қорқытқан.

Хали Маматов, ОҚО прокурорының бірінші орынбасары: «Соңғы үш күнде тіркелген 9 факті бойынша қылмысты іс қозғалды. Яғни, жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрлеу немес соған оқталдыру бабы бойынша қозғалып отыр. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Ата-ананың арызы бойынша балаларды «Синий кит» ойынына шақырып, түнде қорқытқан. Қайғылы оқиға тіркелген жоқ».

Осыған орай Шымкент қалалық білім бөлімінің басшылары шаһардағы ата-аналардың басын қосып, үлкен жиын өткізді. Өлім ойыны айтылған сайын бұл топтарға қызығушылық та артып баратын секілді. Сондықтан прокурор ата-аналарға балаларына смартфон ұстатпауды ұсынып, аталған ойыннан қауіпсіздендіруге шақырды. Жалпы, биыл бір айдың өзінде үш оқушы өзіне-өзі қол жұмсаған. Қазір бұл бойынша қылмысты іс қозғалды. Дегенмен, құзырлы орган өкілдері бұл қайғылы жағдайдар Көк кит ойынымен байланысты емес деп отыр. Ал ата-ана өз перзентінің қауіпсіздігі үшін енді қолдан келгенді аямаймын дейді.

Сапаркүл Омашева, ата-ана: «Балаларыма смартфон ұстатпаймын. Себебі олар өзінің сабағымен, жұмысымен байланған. Кімнің уақытысы бар, кімнің қолы бос, кім ата-ана қадағалауынсыз қалған – сол бала сондай жағдайға кез болады деп ойлаймын».

Гүлжан Байназарова