Наурыз қарсаңында Шымкентте қайырымдылық концерті өтті

Наурыз қарсаңында Шымкентте қайырымдылық концерті өтті

Қайырымдылық – адам жанының нұры. Мұқтаж жандарға қолыңнан келгенше қолдау көрсету әр адамның парызы саналады. Қадірлі істі атқару үшін асып-тасыған қауқар, бақ-дәулеттің болуы міндетті емес, тек ниет болса. Осы ұстанымды ұстанған Шымкенттің белсенді жастары ұйымдасып, Наурыз қарсаңында қолға алған шағын шара – осының айқын дәлелі.

– Біздің қаламызда көмекке зәру, тұрмысы төмен отбасылар жетерлік. Теңіз тамшысындай болса да біз өзара келісіп, солардың біріне көмек беруге ниеттендік. Бүгін мұнда жиналған себебіміз де сол. Сауда-саттық орталығы әкімшілігімен бірлесе өнерлі жастардың басын қосып, қайырымдылық концертін ұйымдастыруды ұйғардық, – дейді «Рука помощи» қорының жастар қанатының жетекшісі Шахло Акрамова.

Бұл концертке жинаған өнерлі жастардың арасында университет, колледж студенттері,  оқушылар да бар. Қайырымдылық қорының идеясын қолдап, іске асыруға мұрындық болған – орталық әкімшілігі.

Мерекелік концертпен қатар қонақжай халықтың әдетіне салып, келген жұртты құралақан қарсы алмай, қазақтың ұлттық тағамы – бауырсақ үлестірді. Әрине, мұндай кішігірім кештен жиналған қаржының қомақты болмасы анық. Алайда, енді ғана бастау алған игі іске қолдау көрсету – сіз бен бізге міндет. «Көп түкірсе, көл деген» деген. Ендеше, жетімді жебеп, мұқтажды демеп жүруге асығып тұрайық!