Майбұлақта жер дауы шықты

1019
Майбұлақта жер дауы шықты

Оңтүстікте жайылым жерге қатысты дау шықты. Сарыағаш ауданы Шеңгелді ауылы тұрғындарының айтуынша, шенеуніктер бүкіл жайылым жерді қалталы азаматтарға сатып жіберген. Соның кесірінен төрт түлікті үй іргесіне жаюға мәжбүр. Тіпті қырық жылдан бергі қонысымыздан қуып жатыр дейді халық.

«Біз бір шаршы метр де жерді бермейміз. Біз осы мәселе туралы аудан әкімінің алдына барғанда, «Заң шешеді» деп шығарып салды. Ал прокурор тіптен кетіп қалды.»

Күн көрісінен айырылып қаламыз ба деп ашынған майбұлақтықтар жайылымдық жер мәселесін айтып бармаған жеріміз жоқ дейді. Тіпті, соттың бірнеше сатысынан да өтті. Он жылдан астам уақыттан бері ата кәсібін дөңгелетіп отырған оларға аяқ астынан «Жердің заңды иесімін» деген біреу келіп, көшуін талап етіпті. Мал бағып жүріп, қонысын өз атына заңдастыра алмаған шопандарға бұл төбеден түскен жайдай болды.

Ұлжан Берікбаева, Майбұлақ ауылының тұрғыны: «Малмен күн көріп отырмыз ғой. Күн көріс бізде малдың арқасы ғой. Жастардың барлығы қалада қаңғырып жүр, мына жетімдерді осы біздер – қариялар бағып отырмыз. Басқа түк жоқ, егін еге алмаймыз, су жоқ. Енді қалай асыраймыз?»

Ауылдықтардың негізгі кәсібі -мал шаруашылығы. Әу баста 6 мың гектардай бұл жайылымдық жерді тұрғындар мемлекеттен 49 жылға жалға алады. Оған осындағы 97 отбасы малын жаяды. Енді бүгінде Майбұлақ ауылының жұрты қорадағы мал басын көбейтпек түгілі, өріске төрт тұлігін шығара алмай да қалды. Айтуларынша, аудан әкімдігі халықтың үлесіндегі жайылымдық жерді әлдекімдерге беріп жіберген.

Майсатай Есенбеков, ауыл тұрғыны: «Бұл жер бізге үлгілі шартпен берілген. Енді алды да үстімізден 2 мың гектар жерді басқа біреуге беріп жіберіпті. Міне, мәселе – сол. Оның ішіне біздің төрт түліктің жайылымы да, тұратын жеріміз де кіреді.»

Майбұлақта жер дауы шықты

Жергілікті жұрттың жанайқайын атқамінерлер жақсы біледі. Өйткені бұл дау кеше мен бүгін басталмаған. 10 жылдан бері жалғасып келеді екен. Бастапқыда аудандық сот жайылымдық жер телімін иелеріне қайтару туралы шешім шығарған. Алайда, облыстық соттың судьялары Сарыағаш аудандық сотының шемімін бұзып, істі екінші тараптың пайдасына шешіпті. Жер қатынастары басқармасының заңгері болса, бұл шикілік әу баста құжаттарды заңдастыру кезінде орын алған дейді.

Мұхамедиев Дархан, ОҚО жер қатынастары басқармасының заңгері: «Сол кезде Жер кодексі емес, жер заңдылығымен берілген. Алайда 2007 жылдан бастап ол жерлер электронды картаға енген соң Сарыағаш ауданының қаулысымен басқа кооперативке жер беріледі. Осыған сәйкес ол жердің жартысы басқа біреуге мемлекеттік актпен беріледі. Сол кезде құжат айналымы ауысуына байланысты БАҚ құралдары арқылы хабарлап, үлгілі шартты ауыстыруды ескерткенбіз. Егер уақылы құжаттарын рәсімдесе, мұндай жағдай болмас еді.»

Ал жерінен айрыламыз деп үрейленген жұрт құжаттардың өзгеруіне байланысты ешбір ескерту немесе хабарландыру қағаздарын алған емеспіз деп отыр. Тіпті жердің қазығын бірге қағып, электронды картаға енгізген жауаптылардың өзі осы уақытқа дейін ауыз ашпады, 6 мың гектар жердің жартысын өзгеге сатып, әкім-қаралар бізді алдап соқты деп ашынады.

Зият Ахметов, ауыл тұрғыны: «Елбасы айтады – соттың реформасын жүргіземіз деп. Бұл қандай сот? Екі ауыз сөзбен шығарып салды. Ашық айтқанымыз, егер Жоғарғы сотта жерімізді алып қойса, онда бізді өлтірсін. Біз жерді бермейміз.»

Қазір Майбұлақ ауылында тұратын бес жүзге жуық халықтың 150-дей қара малы, бес мыңға жуық уақ малы бар. Осы малмен нәпақасын тауып отырған халық күн көрісінен айырылып қалудан қорқады. Шындығында, бұл жер дауының жақын арада бітпейтін түрі бар. Бұған дейін ауыл, аудан басшыларынан бастап, «Нұр Отан» партиясы, аудандық сотқа жүгінген шарасыз майбұлақтықтар ендігі хатын бас прокуратураға жазыпты.

Гүлжан Байназарова