Оңтүстікте «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 66 үй пайдалануға беріледі

383
Оңтүстікте 70 жас отбасы мерекені жаңа үйде қарсы алады

Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 66 үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қазақстанның тұрғын үй құрылысы-жинақ банкінің Оңтүстіктегі филиалының директоры Қасымбек Маликов мәлім етті.

Банк өкілінің айтуынша, облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі – жергілікті әкімдік арқылы салынатын үйлер болса, екіншісі – «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынатын үйлер.

– Мысалы, биыл әкімдік арқылы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр болатын, 558 пәтерлік 11 үй тапсырылады. Ал «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша 180 мыңнан астам шаршы метр болатын баспана тапсырылмақ. Ол – 3086 пәтерлі 55 үй. Осылайша 2018 жылға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша банк желісімен облыста 226,2 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек, – деді Қ.Маликов.

Сонымен қатар биылдан бастап мемлекеттің барлық тұрғын үй бастамалары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзе асады. Аталған бағдарлама 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Соның ішінде Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкі несиелік баспана бағытын жүзеге асырады және жеке тұрғын үй құрылысын несиелендіреді.

Брифингте мәлім болғандай, биылғы 3 сәуірден бастап банктің директорлар кеңесінің шешімімен тұрғын үй құрылыс жинақтары шартын жасағаны үшін және шарттық соманы арттыру үшін алынатын комиссия көлемі 0 теңге болып бекітілді.

Еске сала кетейік, бұрын аталмыш қызметтер үшін алынатын комиссия көлемі шарттық соманың және депозиттің арттыру сомасының 0,55% құрайтын.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі