Оңтүстікте тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілуде

302
Оңтүстікте тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Оңтүстік Қазақстан облысында нөсер жауын мен таудағы еріген қар суының салдарынан Арыс өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілген. Қызыл су көпір ернеуіндегі бетон плиталарды шайып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бірнеше жерін зақымдады. «Қауіп күшейгендіктен, күре жолдың Ордабасы ауданындағы тұсы жабылып, көліктер айналма жолмен жүріп жатыр» деп хабарлайды төтенше жағдай қызметкерлері.

Оңтүстікте тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Мамандардың айтуынша, халықаралық көлік дәлізіндегі көпір әлі ресми қабылданбаған. Күні кешегі жауыннан Боралдай өзеніндегі су деңгейі бірден 40 сантиметрге көтерілген. Сол су енді Арыс өзені арқылы ағып жатыр. 15 өзен келіп құятын Арыстың бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, қауіпті деген жағалаулар шегенделіп жатыр. «Елді мекендерге қауіп жоқ» дейді мамандар.

Қазіргі таңда төтенше жағдай департаментінің мамандары арнасы бұрылған өзендердің елдімекендерді шайып кетпеуін қадағалап отыр. Осы мақсатта Арыс өзені сағасындағы Темірлан елдімекені маңындағы дамба нығайтылды. Жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен және өрт сөндірушілердің көмегімен жағалауға құм-топырақ толтырылған 3000 қап тасталып, 150 метр жағалау нығайтылды.