Оңтүстікте ірі көлемде ақша бопсалаған азамат ұсталды

523
Оңтүстікте ірі көлемде ақша бопсалаған азамат ұсталды

Оңтүстіктің полицейлері үлкен сомада ақша бопсалаған 54 жастағы азаматты ұстады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

ОҚО ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Сайрам ауданының жергілікті тұрғыны арызданған. Бизнесмен өз арызында кәсібіне тыныштық бермей отырған азамат 1 миллион АҚШ долларын бопсалағанын көрсеткен. Аталған жайт сотқа дейінгі бірыңғай тіркеу реестрінде тіркеліп, қылмысты кодекстің 194-бабы (қорқытып алу) бойынша қылмысты іс қозғалады.

Жедел іс-шара жүргізу барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдікті ретінде 1963 жылы туылған Сайрам ауданының тұрғынын өз үйінде 9 миллион теңгені қолма-қол алу барысында ұстады. Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін қарау барысында 9 дана атыс, жарақат салатын, пневматикалық қару және мыңға жуық әр түрлі калибрлі оқ-дәріні тәркіледі.

Оңтүстікте ірі көлемде ақша бопсалаған азамат ұсталды

Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 2 бабымен іс қозғалды: 194-баптың 4-тармағы (қорқытып алу) және 287-баптың 2-тармағы (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру). Сот қаулысымен ұсталған азамат 2 айға қамауға алынды.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.