Депутаттар: «Қаржыны игере алмағандар жауапқа тартылуы тиіс»

304
Депутаттар:

Биыл да мемлекеттік сатып алу конкурстары кеш өткізілуде. Соның салдарынан түрлі бағдарламалар бойынша нысандардың құрылысы мерзімінен кеш басталған. Ал мұның соңы неге алып келетіні айдан анық дейді облыс мәслихатының депутаттары. Халық қалаулылары тұрақты комиссия мәжілісінде 2016 жылға арналған облыс бюджетінің атқарылуы есебіне қатысты сын айтты. Қаржының игерілмеуіне жол берген атқамінерлер жауапқа тартылмай, жағдай реттелмейді дейді депутаттар.

Облыс мәслихатының аумақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссияда былтырғы облыс бюджетінің атқарылу мәселесі қызу талқыға түсті. Халық қалаулылары өзекті мәселелердің бірі – бюджет қаржысының игерілмеуіне және бюджеттік бағдарламаларда көзделгеннен төмен нәтижелерге жол берген төменгі сатыдағы лауазым иелеріне қолданған шараға көңілдері толмайтынын айтты. Әкім және олардың орынбасарлары жауапкершіліктен оңай құтылып кетеді дейді.

Денсаулық сақтау саласына үкімет тарапынан қаржылай көмектің қомақты екенін атап өткен депутаттар медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөнінде ұсыныс жасады.

Жалпы, облыстың былтырғы бюджетінің кірісі 467 млрд 444 млн теңгені құрап, жоспар 100,2 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш бойынша Оңтүстік өңірі республикада үшінші орында. 2016 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы құрылымында ең үлкен салмақты денсаулық сақтау саласы – 18 пайыз, білім беру – 16,8, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық 7,4 пайыз шығындары құраған. Білім саласында былтыр 81 млрд 413 млн теңге игерілсе, денсаулық сақтау саласы бойынша 87 млрд 547 млн теңге игерілген.