Шымкент әкімі: «Мемлекеттік қызметкердің халық алдындағы екі маңызды міндеті бар»

282
Шымкент әкімі:

Мемлекеттік қызметкердің халық алдындағы екі маңызды міндеті бар. Олар – халықтың әл-ауқатын жақсарту мен талап-тілегін қанағаттандыру бойынша жұмыс істеу. Шымкенттің әкімі қарамағындағы қызметкерлеріне осы ақиқатты кезекті рет еске салды. Шаһардағы 4 ауданның әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың алдында есеп берген болатын.

Олар осыдан жарты жыл бұрын халық алдында есеп беру кезінде түскен тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады. Ал Шымкент әкімі өз қарамағындағы қызметкерлерді халықпен жұмыс істеуді толығымен өзгертуді тапсырды.

Қалалық әкімдікте өткен жиналыста шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов төрт аудан әкімі мен бөлім жетекшілеріне мемлекеттік қызметкер алдындағы екі маңызды тапсырманы еске салды. Олар – халықтың әл-ауқатын жақсарту мен талап-тілегін қанағаттандыру бойынша жұмыс істеу. Жиналыста қаладағы әр ауданның әкімі өздеріне жергілікті тұрғындардан қандай талап-тілектер келіп түскенін және ол сұрақтар қалай шешіліп жатқаны туралы есеп берді. Бұл жиында қала тұрғындарынан келіп түскен әр сауал талқыланды.

Еске салайық, 2016 жылы Шымкенттегі Абай, Еңбекші, Қаратау және Әл Фараби аудандары әкімдерінің әрқайсысы үш есепті кездесуден өткізген болатын. Мысалы, Абай ауданы әкіміне 58 арыз-шағым түскен. Соның 34-і жиналыс барысында шешіліп, 24 мәселеге қатысты жұмыс жоспары жасалған. Ал Әл Фараби ауданы әкімінің халықпен кездесуінде 69 сұрақ түскен. Соның 15-іне тұрғындармен кездесу кезінде-ақ жауап беріліп, екеуі Абай ауданы әкімдігінің аппаратына жіберілген. Ал қалған 52 мәселеге қатысты жұмыс жоспары жасалыпты.

Еңбекші ауданының әкіміне 47 өтініш түсіпті. Соның 27-іне осы кездесулер барысында жауап беріліп, қалған 20 талап-тілек заңмен бекітілген мерзімде – қойылған күннен бастап 10 күннен аспайтын уақытта шешілген.

Өзіне келіп түскен сауалдар бойынша Қаратау ауданының әкімі де баяндады. Мысалы, аудан тұрғынары ескі қоқыс полигонын жауып тастауды сұрайды. Бірақ, барлық мәселе полигонның қожайынына келіп тірелуде. Шымкенттің әкімі осы мәселемен айналысуда тапсырды.

Жиын соңында шаһар басшысы жауапты қызметкерлерге жұмысқа деген қарым-қатынасын қайта қарап, халықпен кері байланысты орнатуды тапсырды.

– Ауданның нағыз әкімі аймағын аралап, халықпен танысып, қандай мәселе мазалайтынын білу үшін жарты күнін арнауы тиіс. Ал күннің екінші жартысында өз әкімдігінде бөлім басшыларымен кездесіп, осы проблемаларды қалай шешу керегін талқылауы керек. Ал азаматтардың шағымдарына келер болсақ, сіздер тұрғындарға олардың өтініштері қалай қаралуда және шешілуі қай дәрежеде екенін хабарлап тұруларыңыз керек. Кері байланыс дегеніміз – осы. Ал ол сіздерде қазір жоқ. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын жақсарту мен талап-тілегін қанағаттандыру бойынша жұмыс істеу. Ал біздің жол салу, коммуналды қызмет жеткізу, көілк мәселелерін шешу секілді стратегиялық жоспарларымыз – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы тапсырмалар. Осы екі мәселе аса маңызды, – деп қорытындылады кездесуді қала әкімі.

Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі