ОҚО әкімінің кеңесшісі мен депутат жол апатынан мерт болды

604
ОҚО әкімінің кеңесшісі мен депутат жол апатынан мерт болды

Оңтүстік жұрты атпалдай екі азаматынан айрылып қалды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі мен депутат жол апатынан мерт болды. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы жағдай 23 шілде күні Шымкент-Самара тасжолында болған. Джип көлігі жолдың шетінде тұрған жүк көлігіне соғысады. Жол талғамайтын көліктің ішінде облыс әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен облыстық мәслихаттың депутаты Қамытбек Айтөреев отырған екен. «Өкінішке қарай, екеуі оқиға орнында қайтыс болды. Ал көлік жүргізушісі ауруханаға жеткізілген» деп жазады Түркістан қаласының прокуроры Руслан Әбдірайымов Фэйсбук әлеуметтік желісінде.

ОҚО әкімінің кеңесшісі мен депутат жол апатынан мерт болды

Екі көлік те ақылы айып тұрағына жеткізілген.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Сейіт Мырзақұлұлы Ертай 1971 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. «Құрмет» ордені мен 7 мерейтойлық медальдің иегері. Еңбек жолын 1993 жылы Мақтаарал ауданында жастар ісі бойынша комитетінің маманы болып бастаған.

Кейін Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы колледж директорының көмекшісі болған. Мақтаарал ауданының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Қазыбек би ауылды округінің әкімі болды. 2001 жылы облыс әкімі аппаратының бас инспекторы болып тағайындалды. 2005-2009 жылдар аралығы әкім аппаратының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы. 2016 жылдың 6 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған.

Қамытбек Нұржанұлы Айтөреев 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалінің иегері. Еңбек жолын 1978 жылы 22-партсъезд совхозының №1 бөлімшесінде бастаған.

1994 жылы «Бекболат» шаруа қожалығының төрағасы болды. 2006 жылы Шардара ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, 2006 жылы аудан әкімдігін басқарды. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы болды, кейін мәслихат депутаты болып сайланды.

«Отырар» медиахолдингінің ұжымы марқұмдардың отбасына орны толмас қазаға байланысты қайғырып, көңіл айтады.