ОҚО-дағы ХҚКО-да жарты жылда 3 млн қызмет көрсетілген

340
ОҚО-дағы ХҚКО-да жарты жылда 3 млн қызмет көрсетілген

Оңтүстік Қазақстан облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары жарты жылда 3 миллионнан астам қызмет көрсеткен. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ ОҚО бойынша филиалы – ХҚКО департаментінің директоры Еркебұлан Әлсеиітов айтты.

Маманның мәліметінше, 2017 жылғы 6 айда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жергілікті филиалдарында келушілерге 3 128 778 қызмет саны (электрондық түрде 2 267 880 құжат қабылданған (пайыздық үлесі – 72 %) көрсетілсе, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 537 899 қызмет санына көп деген сөз. Яғни, көрсетілген қызметтер саны былтырғыдан қарағанда 23% өссе, электрондық қызметтер көлемі 20%-ға артқан.

Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында тиісті кезеңде 613 331 қызмет түрін алуға кеңес берілсе, мобильдік ХҚКО арқылы 6 айда 687 шығу жасалған. Ол бойынша көрсетілген қызметтердің саны 31 020 құраған. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйіне шыға отырып қызмет көрсету бойынша 1886 мәрте жұмысшы топ шығып, оларға 3062 рет қызмет көрсеткен.

– 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық жоба ретінде іске қосылған мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің перзентхана ғимаратында бірден 4 қызмет түрін көрсетуге өтініш қабылдау бойынша жыл басынан бергі жарты жылда 27 186 қызмет көрсетілген. Оның 16310 қызметі баланың туылуын тіркеуге қатысты болса, 5974 қызмет бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға, 1756 қызмет бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындауға және 4367 қызмет балабақша кезегіне тұруға қатысты болды, – деді Еркебұлан Әлсейітов.

Сондай-ақ, департамент директоры 2017 жылғы 1 наурыздан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияда сөйлеу және есту қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетуде жаңа сервис пайда болғанын мәлімдеді. Ол бойынша адамдарға ымдау тілінің кәсіби маманы арнайы қосалқы монитордан шынайы уақыт режимінде сурдоаударма ұсынатын болады. Бұл пилоттық жоба азаматтарға арналған үкіметтің бастамасымен «Ауған соғысының қазақстандық республикалық мүгедектер бірлестігі» қоғамдық бірлестігімен біріге отырып жүзеге асырылған.

Айта кеткен жөн, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ ОҚО бойынша филиалы – ХҚКО департаментінде қазіргі таңда, 8 қалалық, 2 мамандырылған ХҚКО және 18 аудандық бөлім, халық саны мол елдімекендерде 5 бөлімше және ӘТВЕО бөлімдерінде орналасқан 15 сектор қызмет атқарады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев