Күнгейде полицейлер үшін 500 жас көмекке келді

556

Күнгейлік жүздеген жастолқын қоғамның тынышын бақылайды. Жәй емес, кәнігі кәсіби маман – полицейлердің көмекшілері ретінде қызметке қабылданбақ. Бұл жөнінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызы Нарбекова мәлімдеді. Айтуынша, игі жоба мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында  жүйелі жүзеге асып жатыр.

Қазір  барлық аудан, қалалардан келген 18-29 жас аралығындағы 500 жастың біліктілігін арттыру мақсатында 5 күндік құқықтық оқыту-жаттығу семинары бастау алды. Яғни, полицияға көмекшілер үшін сабақ қаламыздағы ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының ғимаратында, тамыздың 5-9-ы күндері аралығында өрбиді. Ал салтанатты шараның ашылу рәсімінде басқарма басшысы Балмаржан Полатқызы Нарбекова болашақ жас сақшылармен танысып, «Еліміздің бүгіні мен ертеңі – жастолқынның қолында! Сондықтан, қоғамдағы қылмыс, құқық бұзушылықпен жұмыла күресейік! Осы орайда ҚР Қарулы күштері, тәртіп сақшыларына артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екені жасырын емес! Ендеше, Қазақстанымыздың өркендеуі жолында қоғамның тынышы үшін еңбек ету – Сіз бен бізге – парыз!», – деп зор үмітпен сәттілік тіледі!

Айта өтетін ақпарат, аталған семинар сабақ мәресіне жеткен соң, іс-шараның жабылу салтанатында полицияның 100 үздік жас көмекшісі облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың дипломымен марапатталады. Жастарды ынталандыру мақсатында қаржылай сыйақы тапсырылады. Және аудандардан жиналған жалпы 500 жас арнайы логотипті киімдермен қамтамасыз етілмек. Ал «Оңтүстік Қазақстан облысының полицияға көмек көрсету жасақтары» атты осынау 5 күндік құқықтық оқу лагерінің жабылу салтанаты 9 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді деп жоспарланып отыр.