Кәсіби мерекесі күні құрылысшылар марапатталды

907
Кәсіби мерекесі күні құрылысшылар марапатталды

Шымкенттегі «Көрме» залында құрылысшылар күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Бұл кәсіби мереке жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі. Салтанатты жиынға облыс басшылары мен күнгейдегі құрылыс саласының өкілдері қатысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, құрылыс – халық шаруашылығындағы маңызды саланың бірі. Тек биылдың өзінде ғана өңірімізде 115 тұрғын үй мен 19 мектеп ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай өткен мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі осы салада тер төгіп жүрген жандарды құттықтады.

Кәсіби мерекесі күні құрылысшылар марапатталды

Облыс әкімі құттықтау сөзден кейін құрылыс саласында еңбек еткен бірқатар ардагерлерді алғыс хатпен марапаттады. Қазіргі таңда облысымызда республикаға танымал бірнеше құрылыс компаниясы бар. Соның бірі әрі бірегейі – «KURSI» компаниясы. Бұл компания өз жұмысын 2014 жылы бастады. Шымкенттегі 10-ға жуық тұрғын үй «KURSI» компаниясының құрылыс материалдарынан салынған. Одан бөлек, жеке үй секторлары және әкімшілік ғимараттар да бар.

Астан ОСМАНОВ, «KURSI» компаниясының менеджері: «Біздің компания газблок өндіру саласында бірінші орында тұр. Біз облыс бойынша өз қызметтерімізді ұсынып жатырмыз. Апта сайын біздің зертхана қызметкерлері газблоктың сапасын тексеріп тұрады. Бізге ең бастысы – сапалы құрылыс материалдарын шығару.»

Айта кетейік, облыс аумағында 2017 жылы 209 әлеуметтік нысан бой көтерсе, құрылыс жұмыстарына 65 млрд теңге бөлінген. Енді жыл соңына дейін 116 нысанды пайдалануға беру жоспарда бар. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 32 мектеп салуға ұлттық қордан 17,4 млрд теңге бөлінді дейді сала басшылары.

Мерекелік кештің соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әншілер мен бишілер жиналғандарға өз өнерлерін паш етті.

Әсем Жайлаухан