Леңгір қаласының тұрғындары сусыз отыр

574
Леңгір қаласының тұрғындары сусыз отыр

Леңгір қаласының тұрғындары 5 күннен бері сусыз отыр. Тіршілік нәрін беру құбырдағы апатқа байланысты тоқтатылған. Тұрғындар мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ дейді. Ашынған халық шағымын айтып, әкімдіктен бастап талай есікті тоздырғандарын айтады. Нәтижесінде сөзін тыңдар адам таппаған жұрт енді журналистерден көмек сұрады.

Осы күнге дейін лай су ішіп келген жұрт енді мүлдем ауызсусыз қалды. Тозығы жеткен құбырларды жаңартамыз деп, 4 млрд теңгені талан-таражға салғандардың кесірінен бүгінде Ленгер қаласында мыңға жуық тұрғын суды сатып алып ішуге мәжбүр. Бұл мәселе бүгін көтеріліп отырған жоқ. Бұрын құрт судың өзі сағаттап берілсе, енді аптап ыстықта бір тамшы суға зармыз деп ашынады тұрғындар.

Евдакия Абилова, Леңгір қаласының тұрғыны: «Бізге жаңа құбырға қосылыңыздар деді. Біз барлығымыз сасық, лай судан құтылдық па деп қуанғанымыз сол еді, енді мүлдем суды өшіріп тастады. Қашанға дейін бұл қорлықты көруіміз керек? Мынадай ыстықта қалай сусыз өмір сүреміз? Бұрынғы лай судан денсаулығымызды құрттық! Биліктегілер қайда қарап отыр?»

Ұлдаркүл Исабекова: «Былтыр құбыр жүргізіп, әр метріне 800 теңгеден төлегенбіз. Осы күзде су болады деп еді, міне, екінші жыл болды – су жоқ. Бүгін екі күн болды – су жоқ, оның алдында тағы екі күнге өшірген еді. Ал бұрынғы су – лай, оны тұндырып ішеміз.»

Ал жаңа құбыр орнатуды мойнына алған мердігер компаниясының өкілдері былығы бетіне шыққан жұмысына жауап беруден қашып жүр дейді жергілікті билік. Өйткені, 7 жыл бұрын басталған ауыз су жүйесін тарту жұмысы әлі аяқталмағаны былай тұрсын, тіпті, сапасы талапқа сай келмеуіне байланысты «Леңгір су» мекемесі жобаны қабылдаудан бас тартыпты.

Айтбай Тәжібаев, «Леңгір су» мекемесінің апатты жұмыс бөлімінің басшысы: «Судың жоқ болуының себебі – мердігер компания қоспаған. Ашық айтқанда, олар қаражатымыз жоқ дейді. Ал ескісі жарамсыз. Ол ескі құбыр жарылды. Оны жөндей алмаймыз. Жөндеуге келмейді. Ал олардан біз жаңа линияны қабылдаған жоқпыз, өйткені ақаулары бар.»

Жауаптылар, сондай-ақ, барлау жұмыстарын тиянақты тындырмаған мердігердің кесірінен бұл елдімекенге су жақын күндері қосылмайтынын да ашық айтты. Айтуларынша, қазір ақауы көп құбырлардың кемшіліктерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін аудандық бюджеттен 46 млн теңге бөлініпті.

Сержан Дүйсебаев, Төле би ауданы әкімінің орынбасары: «Олар жұмысын толық бітірмей кеткен. Мердігерлер. Ол жердің құбыры шіріп кеткен. Су бергеннің өзінде жарамайды. Өйткені ескі құбырға жалғап кеткен. «Шымкент газ монтаж» компаниясы қысқа дейін бәрін жөндемесе болмайды. Қазір біз ішкі істер департаментіне арыздандық. Тергеу жүріп жатыр. Сондықтан қазір су мәселесі өте қиын болып жатыр.»

Десе де бұл іске жауаптылар әу бастан-ақ немқұрайлылық танытқандай. Енді Ленгірдегі ауыз су мәселесін дәл қазір түбегейлі шешу мүмкін емес дейді билік өкілдері. Осылайша ел қазынасынан миллиардтаған қаржы жұмсалған бұл істің игілігінен шикілігі көп болып тұр. Түптеп келгенде бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған халық қалаулысына тиесілі компанияның проблемасы жақын күнде шешілмесі анық. Ал судың зардабын тартқан халық енді Елбасыға үміт артып отыр.

Гүлжан Байназарова