Қазығұрт тұрғындары ұрланған бір үйір жылқысын іздеп жүр

565
Қазығұрт тұрғындары ұрланған бір үйір жылқысын іздеп жүр

Оңтүстіктің полицейлеріне атқарар жұмыс көп. Соның бірі – Оңтүстікте өршіп тұрған мал ұрлығы. Олай дейтініміз, бір күнде 17 ірі қарасынан айрылған жұрт малдың орнын сипап қалды. Арнамызға шағым айта келген Қазығұрт ауданы Еңбекші ауылының тұрғындары тәртіп сақшыларына өкпелі. Мал ұрлығынан көз аша алмай қалдық деп налыған көпшілік негізгі күнкөрісіне алаңдаулы.

Ерболат Ешанқұлов 15 жылдан бері мал соңында. Ауыл тұрғындарының тұяқтыларын ақыға бағатын малшы елдімекеннен 3 шақырым жырақ жерде бағады. Ол осылайша бір үйлі жанның нәпақасын тауып отыр.

Малшы осыдан бір апта бұрын аманатқа берілген 17 жылқыдан айрылып қалды. Белгісіз біреулер үйімнің алдындағы мына қоршаудан осынша ірі қараны алдына салып кетті дейді ол. Оқиға 6 қыркүйекте түнгі сағат 3-тер шамасында болған. Әккілердің әрекетін әшкере етуді сұраған ол полицейлерден де пәрмен болмай тұр дейді.

Мына қарақұрым халықтың мұңы бір. Бәрі де мал ұрлығынан жапа шегіпті. Ауылдың жалғыз күнкөрісіне жарап тұрған мал шаруашылығынынан береке кетті деп налиды олар. Күндіз-күлкіден, түнде-ұйқыдан айрылған халық қазір мал қорада түнеп жүрміз дейді.

Айдың-күннің аманында малынан көз жазып қалып жүрген жұртшылықтың тәртіп сақшыларына өкпесі қара қазандай. Қолды болған төрт аяқтының табылатынына күмәнмен қарайтын жұртшылықта үміттен гөрі күдік басым.

Ал ішкі істер басқармасы өкілдерінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері Қаракөз Әбдәлиев ауылды округінде мал ұрлығына қатысты 24 оқиға тіркелген. Оның 68 пайызы ашылған. Ал қолды болған 17 жылқыға қатысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазығұрт ауданында осы санаттағы 84 қылмыс тіркеліп, оның 53-і ашылған. Тергеу амалдары кезінде 10 қылмыстық топ пен барымташылыққа қатысы бар деген 28 күдікті анықталыпты. Ал бір күнде бір үйір жылқының орнын сипап қалған ауылдықтар қазір бақсы-балгерлер жағалап, ендібірі тұяқтыларын жайылымдар мен сауда орындарын шарқ ұрып іздеп жүр.

Мақпал Рысбаева