«Гарант» дүкені маңындағы ұялы телефон саудалаушыларды ұстап әкетті

658

Шымкенттегі Тәуке хан және Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы «Гарант» дүкенінің маңы ұялы телефон сататын орталық іспетті. Мұнда бұрын қолданыста болған ұялы телефон саудалайтындар қаптап жүреді. Өзге ағым өкілдері қалағаныңызды тауып беруге әзір. Қымбат бағалы ұялы телефондарды мұнда қалтаға қонымды бағаға сатып алуға да болады. Тіпті арасында ұрланған байланыс құралдары да болып қалуы ғажап емес деген күдік те басым болатыны жасырын емес.

Қалалық әкімдік пен тәртіп сақшылары аталған орында «тазалық жұмыстарын» жүргізген. Бірнеше мәрте. Алайда «қуғынға» ұшырағандар «Мега» сауда орталығы маңына қарай жылыстап, қайтадан бұрынғы орындарын «басып алатын». Дәл осы дүкеннің алдындағы автотұрақты да әзір ретке келтірген-тін жауаптылар. Екі көшенің қиылысы болғандықтан аталған автотұрақ көлік кептелісінің орын алуына көп себепші еді.

Қозғалыс құралын қоюға болмайды деген жол белгісін қойды, көшенің қарсы бетіне полиция бекетін ашты, ақыры әзер дегенде тазарған еді. Ал «сотка» саудалаушылардан тазарту әзірге мүмкін еместей көрінген. Алайда…

Бүгін тәртіп сақшылары заңсыз сауда орынына айналдырғандардың барлығын ұстап әкетті. Полиция мен Арнайы жасақ әскерлері көшені, жолаяқтарды жауып тастап, бір сәтте саудагерлерді көлікке тоғытты. Ресми органдар тарапынан әзірге ешқандай мәлімет жоқ.