Шымкенттің мектептеріне көмір жеткізілді

473
Шымкенттің мектептеріне көмір жеткізілді

Шымкент қаласының білім мекемелері алдағы қысқа сақадай сай. Қалалық білім бөлімінің басшысы шаһар әкіміне осылай деп баяндады. Шаһардың бас мұғалімінің айтуынша, биылғы қысқа әзірленген қатты отынның сапасы талапқа сай. Біздің түсіру тобымыз бүгін сол көмір жағатын мектептерде болып, қатты отынның сапасын көріп қайтқан болатын.

Бұл №76 мектеп қолданысқа 2011 жылы берілген. 300 орынды білім мекемесінде 600-ден астам оқушы білім алады. Айтуларынша, қыста оқушыларды тоңдырмауға барлық жағдай жасалған. Өткен жылыту маусымында алған 215 тонна қатты отын толық жетіпті. Ал биылғы көмірдің сапасы қыста белгілі болады. Дегенмен, құжат бойынша бәрі талапқа сай екен.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 221 білім мекемесі бар. Соның 103-і орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады. Ал қатты отын қажет 17 мекемеге 4 мың 718 тонна көмір, 3 мектепке 208 тонна сұйық отын жеткізіліпті. Өзгелері қазандықты жағу үшін көгілдір отын пайдаланады.

Сала мамандарының айтуынша, ендігі жоспар – сол қатты отын пайдаланатын білім мекемелерінің қазандығын көгілдір отынға алмастыру. Өткен жылы 5 мектептің қазандығы ауыстырылса, алдағы жылы бір мектептің қазандығы алмастырылмақ.

Нұрлан Күдерұлы