Әлеуметтік дүкенде бәрі арзан…

1010

Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылында бүгін әлеуметтік дүкен ашылды. Дүкен аз қамтамасыз етілген отбасылардың тұтынушыларына арналған және ондағы тауарлар базар бағасынан 20-30 пайызға арзан.

Дүкеннің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен, Майлыкент ауылдық округінің әкімі Келесбек Жартыбаев сөз сөйлеп, дүкеннің жұмысына сәттілік тіледі. К.Жартыбаев: «Біз көкөніс еккен шаруалардың өзімен тікелей келісімшартка отырдық, мұнан соң, өзімізде макарон шығаратын «Алтын дән» фирмасымен де келісімге келдік. Тікелей жеткіземіз, арзан болып отырғаны сондықтан» деді.

Мұнда картоптың келісі 85 теңгеден, қант 190 теңгеден сатылып жатыр және тағы басқа төмен бағада азық-түлік өнімдері бар. Арзан бағада сататын дүкеннің ашылғанына аудан халқы қуанулы. Қымбатшылық құрық салдырмай тұрған кезеңде әлеуметтің қалтасына ауырлық салмайтын осындай дүкендер көптеп ашылса деген игі тілегі бар елдің…