Шымкенттегі Мұз сарайының басым бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған соң, мұнда оң өзгерістер байқала бастады. Кешен әкімшілігі ауқымды жөндеуге кірісіп, нысанды жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін етуге ниетті.
Шымкенттегі Мұз сарайында коньки тебу арзандады! Спорт нысанының көп бөлігі мемлекет меншігіне өткен соң, билет бағасы да төмендетілді. Бұрын ересектер үшін кіру ақысы 2000 теңге болса, қазір 1500 теңге. Бұған коньки жалға алу және сырғанау құны кіреді. Студенттер үшін – 1000 теңге, ал балаларға – 500 теңге. Мұз айдыны сағат 18:00-ден түнгі 01:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ержан Мұхидиг, «Спорт сарайы» ЖШС-нің директоры: «Маусым енді ғана басталды. Ауа райы жылы кезде адамдар Арбат пен саябақтарға көбірек барады, ал суыта бастағанда барлығы коньки тебуге келеді. Біз де ауа райына тәуелдіміз. Суық күндері келушілер көп болады. Айта кетсек, бізде ең қымбат жабдықтар орнатылған, бірақ мұз бағасы Қазақстан бойынша ең арзан».
Қазір нысанның 67 пайызы мемлекетке тиесілі. Жаңа егесі жасаған алғашқы қадамдарының бірі – жөндеу жұмыстарын бастау. Ең алдымен шатыр мен мұз айдыны жөнделіп, кейін ғимараттың жылыту жүйесі жаңартылады.
Болат Мамбетов, Қысқы спорт түрлері бойынша №8 спорт мектебінің директоры: «Қазір әкімшілік тарапынан жөндеуге 559 миллион теңге бөлінді. Оның 383 миллионы шатырды, ал 175 миллионы мұз айдынын жөндеуге бағытталған. Мердігерлер шатырды 31 желтоқсанға дейін, ал мұз айдынын келесі жылдың маусым–тамыз айларында аяқтауды жоспарлап отыр».
Болашақта мұз айдынында сырғанау мен спорттық секциялар жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бұған дейін термоизоляцияның нашарлығынан жаз мезгілінде Мұз сарайы уақытша жабылатын. Қазір мұнда бес спорт секциясы жұмыс істейді.
Қазір кешенде балалар арасындағы алдағы республикалық хоккей чемпионатына дайындық қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар, мұз сарайында мәдени және бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Ботакөз Әнуар







