Қазақстан газы Қытайға экспортталады

578
Қазақстан-Қытай
Қазақстан-Қытай

Қазақстан табиғи газын Қытайға экспорттауды бастады. Екі ел арасында бір жыл ішінде 5 млрд текше метр табиғи газ жеткізу жөнінде келісім-шартқа қол қойылды. «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық операторының экспорттық түсімі 1 млрд АҚШ доллары болады деп күтілуде. Алғашқы партияның жіберілуі салтанатты жағдайда өтті. Оны онлайн-байланыста Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен «Қазмұнайгаз» АҚ Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бақылады.

Табиғат байлығының алғашқы партиясы өңірге қарасты «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасы арқылы жіберілді. Аталған станция Батыс Қазақстандағы табиғат байлығының көзінен өндірілген өнімді аспан асты еліне бағыттап отыратын болады. Алдағы уақытта мыңдаған шақырымға созылып жатқан иен байлықтан миллиардтаған табыс түспек.

Ал көгілдір отынды Қытай тарабы «Қорғас» бекеті арқылы қабылдап алмақ. Ол үшін арнайы «Қазтрансгаз» АҚ мен PetroChina International Company Limited арасында табиғи газды сату-сатып алу жөніндегі келісім-шартқа қол қойылған. Еліміздің ішіндегі табиғи газ тасымалдаудың экспорттық бағыты 3 мың шақырымды құрайды. 10 сорғы станциялары жұмыс істемек.

Рустам Камалходжаев, жүйелік өндірістік басқарма басшысы:
Рустам Камалходжаев, жүйелік өндірістік басқарма басшысы

– Қазір сағатына 700 мың текше метр табиғи газ жіберіп жатырмыз. Қытай тарабына 3 желі арқылы газ беруге толық мүмкіндігіміз бар. Дәл қазіргі уақытта 1 желі арқылы жұмыс істеп жатырмыз. 6 өлшеу желісі бар. Үшеуі Қазақстан ішінде. Ал 3 желі оңтүстікті қамтуға арналған.

Осылайша отандық газды тасымалдау мен экспорттаудың жаңа дәуірі басталды. Мұны соңғы жетістік деп бағалауға болады. Оның еліміздегі аталған салаға тигізер пайдасы да орасан. Соның арқасында еліміздің газ тасымалдау жүйесі толықтай техникалық қайта жарақтандырудан өткізілді. Ал ол үшін дипломатиялық менеджмент тұрғысынан да орасан зор жұмыстар атқарылған.

Айта кетейік, Қазақстандық газ бұған дейін тек Ресей аумағы арқылы Еуропаға сатылып келсе, енді еліміз үшін қосымша жол ашылды. Қытайға 5 млрд. текше метр газ сату, бұл басы ғана. Бізде 10 млрд текше метрге дейін газ шығара алатын техникалық мүмкіндік бар.

Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ аз ғана уақыт ішінде еліміздегі барлық магистральдық газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктірді. Негізгі газ бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік беретін жобаларды іске асырды. Қуатты газкомпрессорлық және сығымдау станциялары – «Бозой», «Қараөзек», «Ақыртөбе» пайдалануға берілді, «Бозой» жерасты газ қоймасы реконструкцияланды, газды құрғату мен тазалауға арналған ірі кешен пайдалануға берілді. Барлық кешендер заманауи технологияның соңғы үлгілерімен жарақтандырылған. Бұл өз кезегінде аталған станциялардың ұзақ мерзімге әрі тиімді қызмет етуіне өзіндік септігін тигізері сөзсіз.

Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:
Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары

– Мұнай газ өнеркәсібіне мұның үлесі өте жоғары. Газды Қытайға айдау үшін «Казтрансгаз» АҚ көптеген жұмыстар атқарды. Трансұлттық газ құбыры Түркісменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай соны бітірді. Екінші газ құбыры «Бейнеу-Бозой-Шымкент» соны бітірді. Оның ұзындығы 1 500 шақырым. Бозой космпрессорлы стансасын салды. «ҚазТрансГаз» өз қаржысына Қараөзек сорғы стансасын салды. Бұрын оңтүстіктің газы солтүстікке өтетін. Солтүстіктен Ресей арқылы Батыс Еуропаға өтетін. Егеменді ел болғаннан кейін бірінші рет артық газымызды Қытайға шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл өте үлкен жеңіс. Бірінші бастамасында 5 млрд. текше метр деп отырмыз. Алдағы уақытта тасымалдау мүмкіндігін арттырамыз. Бүгінде тауарлы газ өндіру 25 млрд. текше метрді құрап отыр. Ал ішкі тұтыну индексі 13 млрд. текше метр. Өндіру арта түседі. Өндіру бойынша бірінші кезекте 5 млрд, екінші кезекте 10 млрд, одан кейін 15 млрд. текше метрге дейін жеткізу жоспарда бар. Оның барлығы Қытайға кетпейді. Оңтүстіктен артылғаны ғана.

Аталған алпауыт мекеменің қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Қазақстан мен Өзбекстанның арасында табиғи газды тасымалдау және транзиттеу саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы үкіматаралық келісімге қол қойылғаны белгілі. Ташкентте қол қойылған шарттың екі жаққа да тиімділігі орасан. Өзбекстандық газ тасымалдау жүйесі арқылы Қазақстанның оңтүстігіне батыс кен орындарында өндірілген қазақстандық газ тасымалданатын болады. Осылайша, «Газли-Шымкент» магистральдық газ құбырымен келетін қосымша газ көлемі қыс мезгілінде еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Қазақстандық газды Қытайға экспорттауға «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ және «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық газ құбырының ресурстары пайдаланылатын болады.

Көгілдір отынды экспорттаудан түсетін пайда қомақты. Бұл өз кезегінде қазына қамбасының молаюына үлес қоспақ. Көгілдір отын өндіруде атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында 10 млрд текше метр газды экспорттауға техникалық мүмкіндік жасалды. Биыл елімізде 40 млрд текше метрден аса газ өндірілмек. Оның 16 млрд. текше метрі экспортқа бағытталса, 13-14 млрд текше метр газ ішкі нарыққа бағытталады. Яғни, осынша көлем ішкі нарықты толық қамтуға жетіп артылады. Ал қалған көгілдір отынның көлемі ұңғымаларға қайта айдалады. Осы кезеңге дейін еліміздің табиғат байлығы Қытайға экспортталған емес. Тек Түркіменстан, Өзбекстан газын Қытай Халық Республикасына транзиттеп келген болатын. Былтыр желтоқсан айында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры магистралінің құрылысы толық аяқталды. Бұл өз кезегінде экспорт көлемін арттыруға септесіп отыр. Биыл жыл басында Астана қаласына ҚХР басшысы Си Цзиньпин ресми сапармен келген болатын. Сол кезде Қазақстан газын Қытайға экспорттау туралы меморандум ресімделген-тін.

Табиғи газды экспорттаудың басталуы тарихи оқиға ретінде елімізге тигізер пайдасы көп. Тек қана газ саласының дамуына ғана емес, жалпы еліміздің экономикасын дамытуға соны серпін бермек. Отандық көгілдір отынның Қытай нарығына шығарылуы Еуразиялық өңір елдерінің арасындағы сауда және көлік байланыстарын реттеуге, ортақ инфрақұрылым құруға бағытталған өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ықпал ететін болады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның айтуынша, облыс халқы жылына 1,1 млрд м3 табиғи газ тұтынады. Оның 840 млн м3 қыс маусымында, ал 293 млн м3 жаз маусымыну тура келеді. Оңтүстік Қазақстан өңірі табиғи газбен 3 бағыт арқылы қамтамасыз етіледі. Олар: Өзбекстан Республикасының «Газли-Шымкент» және «БГР-ТБА» магистралды газ құбырлары, отандық «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры, Түркменстан Республикасының «Қазақстан-Қытай» транзиттік магистралды газ құбырлары.

Облыстағы елді мекендерді 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленген. Осыған орай 2020 жылға дейін қосымша 383 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистральды газ құбыры бойынан 7 автоматтандырылған газ реттеуші станцияларының құрылыстары жүргізіліп, төртеуі Түркістан қаласы, Иқан елді-мекені, Сайрам, Бәйдібек аудандарында пайдалануға берілсе, қалған үшеуін Кентау қаласы, Отырар, Ордабасы аудандарында биылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Яғни, солтүстік аудандарды газбен қамту мүмкіндігі ашылады. 7 станцияның құрылыс жұмыстарына 22,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Жұмыс дер кезінде аяқталса, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Отырар аудандарындағы 137 елді мекеннің 325 мыңға жуық тұрғыны табиғи газбен қамтылады.
Биыл 70 елді мекенге газ құбырлары тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Гүлжан Жұмаш