Баспана бағасы қашан арзандайды?

360

Оңтүстікте құрылыс қарқыны қызу жүргізілуде. Жаңа мектеп. Жаңа балабақша… Бәрі де әлеумет үшін. Ал ең бастысы жақын болашақта баспанасыздық мәселесі жойылуы мүмкін. Оған бүгінде қарқынды түрде салынып жатқан тұрғын үйлер сеп болмақ. Ол үшін баспаналы болу бақытын бұйыртатын түрлі мемлекеттік бағдарламалар көмек қолын соза алады. Дегенмен көңілге көлеңке түсіретін тұстар да жетерлік. Ипотекалық несиелендіру сомасын кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Тым қымбат.

Орталық коммуникациялар қызметінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев биылғы құрылыс барысы туралы баяндады. Әлеуметтік сала бойынша айтар болсақ, биыл 32 мектептің құрылысы жүргізілуде екен. Денсаулық саласы бойынша 38 нысанның құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 29 нысан пайдалануға берілмек.

Құттыбек Жамашев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы: «2017 жылы облыс аумағында облыстық құрылыс басқармасы тапсырысшы және әкімшілік бағдарламашысы болып табылатын 209 нысанның инвестициялық жобаның құрылыс жүзеге асырылуда. Оған 64,9 млрд. теңге қаралған. Сол 209 нысанның 112-ін биылғы жылы тапсыру жоспарланған. 97-сі 2018 жылға өтпелі. Қазіргі таңда 54 нысан пайдалануға берілді. Қалған 58 нысан жыл соңына дейін тапсырылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы 5 бағыт бойынша жүргізілуде. Халықты 2017- 2021 жылға дейін тұрғын үй және жермен қамтамасыз ету бағытында. 1 бағыты ипотекалық үйлермен жәрдем беру. Бағдарламада 15 млн. теңгеге дейін ипотекалық жаңа салынған үйлерден алу көзделген. Бұл бойынша қазір бір, екі банк қаржыландыруда. Салынып жатқан үйлер 15 млнға қымбат болғандықтан осы бағытта жүруі сәл жылдам болмай отыр. Бірақ келесі жылы жақсы жүреді деген ойдамыз».

Әлеумет үшін жағымды жаңалық: Бозарық, Бозарық 2 шағынаудандарында архитектуралық бірегей стильде салынатын коттедждер қалашығы бой түземек. Аталған үйлердің бағасы аса қымбат емес. Шаршы метрі 120 мың теңге болмақ. Бүгінде жер дайындау, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен пайдалануға берілгенше бағасы тым шарықтап кетпесе болғаны. Сондай-ақ, биыл баспаналы болу бақыты бұйыратындардың қатары да артқалы отыр. 268 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 116 үйді яғни, 5 988 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарлануда.

Қырдың қызыл түлкісіндей мың құбылған баға бағамы қоныс тойын тойлайтындардың қатарының артуына тұсау болып отырғаны да рас. Дегенмен ең бастысы жастарға, баспанасыздарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылуы тиіс-тей.