Көмір неге қымбат?

677

Күн күрт суытып, көмірге деген сұраныс артты. Базаға қатты отын сұрап келушілердің де қатары артқан. Өңірді көмірмен қамтып отырған мекеме бұл сұранысты толық өтей алмайтындарын мойындайды. Қазіргі таңда қатты отынның босатылу бағасы тоннасына – 15 мың 500 теңге. Оған жеткізу құнын қосыңыз. Көмір тұтынушыға жеткенше 20-21 мың теңгеге түседі.

Өңірді көмірмен қамтитын Шымкенттегі отын базасында тірлік қайнап жатыр. Ұзын-сонар кезек көп. Олардың арасында қалалықтардан бөлек, ауылдан арнайы келген ағайындар да бар. Солардың бірі Бәйдібек ауданының тұрғыны Ұлан Серғазиев. Ол өткен сенбіден бері, көмір ала алмай әлек болып жүргенін айтады. «Келгеніме 3-4 күн болды. Көмір тапшы. Әлі ала алмай жүрмін»,- дейді.

Былтыр көмірдің бір тоннасы 12 мың теңгеден босатылған. Биыл қатты отынның құны 3-3 жарым мың теңгеге қымбаттап, тоннасы 15 мыңға бір-ақ жеткен. Оған қала іргесіндегі тұтынушыға жеткізілетін шығынды қоссаңыз, тағы 5-6 мың теңгеге қымбаттап, көмір құны 20-25 мың болып шыға келеді. Мұны осындағылар жанар-жағармай бағасының күрт өсуімен байланыстыруда. «Баға шарықтаса да, көмір тапшы», – дейді отын базасының қызметкерлері.

Ануар Томанов, мекеменің менеджері: «Бірінші проблема көмір тапшы. Екінші бізден тапсырыс қабылданбай жатыр. Шұбарда вагон жоқ дейді, екіншілері көмір жоқ дейді. Біз сұранысты толық өтеу алмай отырмыз».

Көмір тасымалымен айналысатын жүргізушілердің мәлімдеуінше, Шұбаркөлдің көмірі Ресейге жөнелтілуде. Ал Шымкенттегі отын базасы аумағында жиналған көмір Павлодар мен Қарағандыдан жеткізілген. Сапасы сәл төмендеу, өйткені майда құм сияқты. Ол
кірпіш, цемент шығаратын кәсіпорындарға арналған дейді мамандар. Көмірді босататын Солтүстік өңірлердегі билікпен біздің өңірдің басшылары келісіп бір мәмілеге келмесе, жағдай ушығуы әбден мүмкін дегенді тағы қосты.