Шымкентте тежегіші істен шыққан автобус жол апатына ұшырады

343

Шымкентте қоғамдық көліктің қатысуымен жол апаты тіркелді. Оқиға Әйтеке би көшесінде болған. Бағдаршамның қызыл белгісіне тоқтап тұрған №112 бағыттағы көлікті артынан келген автобус соғыпты. Әп-сәтте жолаушылары және өзі абдырап қалған жүргізуші басынан соққы алдым дейді.

Оған ішіндегі аяғы ауыр келіншектің мүшкіл халын қосыңыз. Тағы да үш жолаушы қатты шошып қалды. Оларға бірден жедел жәрдем шақырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Камераға түсуден бас тартқан зардап шегушіні аурухана алып кетеді. Ал жүргізуші оқиғаның қалай орын алғанын өзі баяндап берді.

Айтуынша, оқиға көзді ашып жұмғанша орын алған. Ішіндегі жолаушылар шулап қоя бергенде, сасып қалыпты. Кондукторы басынан қатты соққы алыпты.

Алдын ала болжам бойынша жол апатына себепкер №47 бағыттағы автобус жүргізушісі көліктің тежегіші ұстамай қалғанын айтып ақталды. Аяқ астынан темір тұлпарды тізгіндеп, бағындыру оңай болмады дейді бұл азамат. Жол жиегіне қарай бұрылғанда бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған жеңіл көлік пен тағы бір бағыттағы шағын автобусқа соғысып қалған. Бірақ, ішіндегі 15 жолаушы дін-аман дейді.

Айта өтейік, №47 бағыттық көліктің жүргізушісі күнделікті техникалық байқаудан өтіп барып, жолға шығады екен.  втобус айдап жүргеніне де он жылдан асқан. Мұндай оқиға алғаш рет орын алыпты, сондықтан абдырап қалғанын жасырмайды.

Оқиға орнына жол-патрульдік полициясының қызметкерлері тез арада жетті. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ендеше, жолда жүргенде абай болуды ұмытпаңыздар.