«Қаржы жинаудың оңай тәсілі…»

496

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы – білікті экономист, қаржы сауаттылығы бойынша жетекші маман Мәрия Ожарбаева.

     – Бүгінде қаржы жұмсау өзекті мәселе. Өзіңіз қалай жұмсайсыз, арнайы жоспар түзу болады ма?

    – Кез-келген жұмысты бастау қаржыға байланысты. Оны үнемдеп жұмсау қажет. Айлық табысымызға байланысты өзіміздің жоспарымызды құруымыз керек. Өзім болашақ 10 жылдық, 5 жылдық, 1 жылдық және айлық жоспарымды жасап отырамын.

     – Өзіңіз күнделікті қанша қаржы жұмсайсыз?

     – Орта есеппен табыс көзінің мөлшеріне қараймыз. Отбасылық жағдайға қарап жұмсаймыз.

    – Адамның бір ай өмір сүруіне қанша қаржы қажет?

    – 2015 жылдан бері дағдарыстың басталуына байланысты көп дүние қымбаттап жатыр. Айлық табыс оңтүстікте 50-60-70 мың орта есеппен жақсы айлық деп есептей аламыз. Тапқан ақшамызды айлықтан айлыққа жеткізуді емес үнемдеуді бастаудың уақыты келді деп есептеймін.

   – Отбасылық бюджетті қалай игерген дұрыс?

   – Тапқан табысымыздан қор жинақтауды үйренуіміз керек. Қазір капитализм дәуіріндеміз. Тапқан табысымыздың 10-20 пайызын үнемдеуді үйренуіміз керек. Күнделікті тұтынатын заттарымызға, коммуналдық төлемдерге бөлек қою керек. Көпшіліктің басым бөлігі несиені пайдаланады. Несиенің тиімді, тиімсіз жағын ескеруіміз керек. Өзімізге қажеттілікті қанағаттандыру үшін екінші деңгейлі банктерге жүгінеміз. Несиенің қанша пайыз қайтаратынымызды білмейміз. Оның қайтару жағын ойластыруымыз керек. Несиені қайтара аласыз ба соны жоспарлау керек.

    – Қор нарығы дегеніміз не?

    – Елімізде қор нарығы бар. 1993 жылы 15 қарашада Ұлттық банк екінші деңгейлі 23 банкті, акционерлік ұйымдар мен брокерлік компаниялардың басын қосатын KASE қор нарығы бар. Ол жерде теңгелей құнды қағаздарымызды сатылымға шығарып отырады. Оны көпшілік түсіне бермейді. Қаржылық сауаттылықты арттыруымыз қажет. Ұлттық банктің 2016-18 жыл аралығында халықты қаржылық сауаттылыққа үйрететін арнайы бағдарламасы бар. Сол бойынша көбірек жұмыстар жасалуы міндетті. Мектеп жасындағы оқушыларға экономика сабағын өткізу жоспарға қосылса қуанар едім.

    – Дағдарыстан қалай шығуға болады?

    – Дағдарыс дегеннің өзі өмірде басқа жолды таңдау деп еспепейді экономистер. Адам ауырмаса денсаулықтың қадірін білмес еді. Сол сияқты дағдарыс болмаса қаржының қадірін білмес едік. Дағдарыс кезінде жаңаша жолды таңдауымыз керек.

    – Дағдарыс халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен орын алады деген пікір бар. Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады?

    – Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін экономист болу міндетті емес. БАҚ бар, әлеуметтік желілерде түрлі сабақтар өтіледі. Қаржы мамандарынан ақшаны үйде сақтау керек пе, банкте сақтаған жөн бе, әлде құнды қағазбен сақтаған жөн бе сол жағынан қаржы мамандарынан кеңес алуы керек.

   – Депозит тиімді ме?

   – Нарықтық кезеңде депозит тиімді болып отыр. Студенттеріме депозит ашып, қаржы жинаңдар деп кеңес беремін. Депозит артық ақша арқылы табыс табуды үйретеді. Үстеме пайыз табасыз. Кез-келген керек уақытта шешіп ала аласыз. Құнды қағазда ұстау да тиімді. Балаңыз кішкентай болса соның болашағына арнап құнды қағаз алсаңыз болады. Ұзақ мерзімді облигация дегеніміз борыштық қағаз. Алпауыт компанияларға қарызға беріп отырасыз. Олар пайыздық үстемесімен ақшаны міндетті түрде қайтарады, ал акция дегеніміз ол үстінен пайызын мезгілімен алып отырасыз. Ақшаны ақша табады. Ақша адамға жұмыс істеуі керек. Біз міндетті түрде ақшаға жұмыс істемеуіміз керек.

     – Қаржыға құрметті қалай қалыптастыруға болады?

    – Ақша өзін күтіп ұстағанды ұнатады. Өзім облигация жинақтауды бастадым. Сақтауды міндетке айналдырғанмын. Көпшілікке ақша жинақтауды үйретеміз.