«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және белсенді мүшесі Наурыз Рысымбетов:
— «Жайдарманға» қалай келдіңіздер?
— 2008 жылы жылдан бастап КВН құрамында сахнаға шықтым. ОҚМУ атынан қала біріншілігінде ойнап бастадық. Одан кейін облыстық, республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүргенімізге 10 жылға жуықтап қалыпты. Алдымызда ойнаған ағаларымыздың ойынын көріп, қызығушылығымыз оянды.
— «Байдың балалары» тобы қалай құрылды?
— Бұл атау басында біртүрлі естіліп жүрді. Біреулер айтты мақтаншақтық емес пе деп. Атын да мен ойлап тапқан едім. Ең бірінші 2011 жылы команда құру керек болды. ОҚМУ құрамасы болатынбыз. Екі-үш жігітті құрамаға алдық. Түрлеріне қарасаң байдың балаларына ұқсайды. Содан атау пайда болды. Наурыз 4-5 жыл болды мүше болғанына. Жақсы жетістікке жеттік.
— Топ тек облысқа ғана емес республикаға танымал десек артық айтқандық болмас. Топқа қабылдамас бұрын қандай қасиетіне мән бересіздер?
— Адамгершілігіне. Әзіл шығара білетініне, ойнай білетіндігіне баса мән беріледі. Түрі байдың баласына ұқсағанымен, ойнай алмаса қажеті жоқ қой. Біздің командада 7 адам бар. Әрқайсысының өзіндік орны бар.
— Көптеген әзілдерді кім жазады?
— Әзілді сахнаға алып шықпас бұрын ортаға тастаймыз. Идея тастайтындар бар. Ортақ шешім шығарамыз. Әбден пісіріп, дайындықтан өтіп барып, көрермен назарына ұсынамыз.
— Қандай жетістіктеріңіз бар?
— 2011 жылы Алматы қаласында өткен республикалық премьер лига ойындарының чемпионымын. Шымкент қаласының 2010-11 жылғы қала әкімі кубогының чемпионымын. Биыл облыс әкімдігі кубогының чемпионы атанды тобымыз. Екі мәрте Шымкент қаласының «Ең үздік КВН командасы» деген атауға ие болдық екі жыл қатарынан. Мақтануға тұрарлықтай жетістігіміз бар. Астана әкімі кубогының чемпионы болдық. Бірақ оны телеарналарда көрсете бермейді.
— Дайындықты қайда жасайсыздар?
— М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 7 корпусында арнайы кабинетіміз бар. Сонда дайындаламыз.
— Қаржылық жағдайларыңыз қалай? Қаржыны қайдан табасыздар, демеушілеріңіз бар ма?
— Қара шаңырақ ОҚМУ-нің ректоры Жұмахан Мірхалықов мырза әрдайым қолдау білдіріп отырады.