Сайрамдағы қарқынды бауда инфрақұрылым жоқ

451
Сайрамдағы қарқынды бақта инфрақұрылым жоқ

Өңірімізде қарқынды бау көлемі жылдан жылға артуда. Сайрам ауданы, Әйтеке би ауылындағы 100 гектар жер алқабында алма бауы егілген. Кәсіпкерлер мұнда жылыжаймен және ауыл шрауашылығы өнімін өңдеумен айналысуға ниетті. Алайда ауылға инфрақұрылым тартылмағандықтан, бұл жоспар жүзеге аспай отыр.

Әйтеке би ауылындағы қарқынды баупен айналысатын серіктестік биыл да шаруашылығын кеңейтуді жүзеге асыра алмады. Себеп – инфрақұрылым жоқ. Азын-аулақ кәсіпкерлікпен айналысуға әрекеттенген ауыл ағайындары судың жоғынан ойларын жүзеге асыра алмауда. Электр энергиясының тапшылығынан 8 200 тонналық замануи қойманы осындағы ірі шаруашылық толық пайдалана алмай отыр.

Ауылға инфрақұрылым тартылмағандықтан, бақша өнімдеріне арналған жылыжай салынбай, жеміс-жидек өңдейтін цехтардың да құрылысы кейінге қалдырылған. Бұл дегеніміз – биылғы жиын-терімнен жиналған жергілікті өнімдерден шырын, тосап, кептірілген алма қағы әзірленбей қалды. Бағбандар биыл жолдарының болмағанын айтады. Сондай-ақ, ауа райы да шаруаға жайсыз болыпты.

Ауыр салалардың бірі – аграрлы сектордағы жұмыс көптеген факторларға тәуелді – климаттық жағдайға, жердің құнарлығына, қаржыландыруға. Сондықтан мемлекенттік қолдау үнемі қажет. Ал сайрамдық кәсіпкерлер Елбасының сапары барысында кәсіпкерлікті дамытуға тосқауыл болған, тартылмаған инфрақұрылым жайлы тіс жармаған. Онысын қатты қателескендерімен байланыстырады. Егер жасырмай жайып салғанда Сайрам ауданының әкімдігі шапшаң қимылдап, қажетті су, газ, электр энергиясын тартып та қояр ма еді деп ойлайды.

Қазір шаруалар инфрақұрылым тарту кешеуілдеп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырғанын айта-айта шаршады. Сондықтан жауаптылардың мардымсыз жұмысына көңілі толмай отыр. Ал жергілікті әкімдік өкілдері жобалық-сметалық құжатқа қаржы бөлінді, құрылыс 2018 жылға жоспарланған деп мәлімдеді.